Руслан Асаубаев, ҚР Президенті жанындағы
ҚСЗИ-дің Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілі,
Өңірлермен жұмыс істеу бөлімінің бас сарапшысы
Президент өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Ал бұл жолы: «Үкіметтің стратегиялық міндеті – ұлттық азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту», — деп баса айтты.
Агроөнеркәсіптік кешен келешегі зор салалардың бірі және ел экономикасының негізгі драйвері болып саналады. Бұл үшін Қазақстанда барлық қажетті жағдайлар бар: егіс алқаптары, адам ресурстары, халық арасында қалыптасқан егіншілік пен мал шаруашылығының дәстүрлері мен мәдениеті.
Еңбек өнімділігін арттыру және агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту сияқты міндеттерді жүзеге асыру ауыл шаруашылығындағы бірқатар мемлекеттік бағдарламалар арқылы іске асырылуда. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар әзірленіп, АӨК-ті дамыту тұжырымдамасы және 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі Жол картасында бекітілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2021–2024 жылдар аралығында жалпы өнім көлемі 11,3%-ға өсіп, 7,5 трлн теңгеден 8,3 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 14%-ға (4,4-тен 5 трлн теңгеге), мал шаруашылығы 5,6%-ға (3,1-ден 3,29 трлн теңгеге) артты. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өсім 3,7%-ды құрап, 1,8 трлн теңгеге жетті.
Аграрлық сектордағы жетістіктердің ішінде Солтүстік Қазақстан облысының сүт өндірісі саласындағы табыстарын ерекше атап өткен жөн. Сүт-тауарлы фермаларды салу жобаларын іске асырудың арқасында өңір республика бойынша көшбасшы орынға шықты. Қазірде облыс еліміздегі сүттің 10%-дан астамын өндіреді. Соңғы алты жылда СҚО-да 30-дан астам сүт фермасы іске қосылып, жалпы мал басы 16 мыңнан асып, өндірістік қуаты 81,8 мың тонна сүтті құрап отыр. Бұл сәйкесінше мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Ал жобаларға салынған инвестиция көлемі 39,5 млрд теңге.
Солтүстік Қазақстан облысының сүт-тауарлы фермаларды дамытудағы оң нәтижесі Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланып, оны еліміздің басқа өңірлерінде кеңінен қолдану тапсырылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 400-ден астам өнеркәсіптік сүт-тауарлы фермалардың құрылысы жалғасуда, ал олардың жартысы солтүстік өңірге тиесілі.
Фермалардың географиясы кеңейгенімен қатар, саланы субсидиялау көлемі де айтарлықтай артқан. 2021 жылы бұл көрсеткіш 23 млрд теңге болса, 2024 жылы – 35 млрд теңгені құраған. Бұл оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр, сүт өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 4,9%-ға өссе, ал кешенді мемлекеттік қолдау саланың тиімділігі мен тұрақтылығын арттырудың негізгі драйверіне айналды.
Сүт өндірісін дамыту мал шаруашылығының басқа салаларына жарқын үлгі бола алады. Осы орайда Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «…Мал шаруашылығы саласындағы АӨК қолдау жоспарын әзірлеу және оны қаржыландырудың тиімді тетіктерін іске қосу. Мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету ғана емес, экспорттық әлеуетті күшейту», — деп тапсырды. Бұл шаралар импортты алмастыруды қамтамасыз етеді, ішкі нарықты отандық өніммен қанықтырады және тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы ауыл тұрғындарының кірісін арттырады.