2025 жылғы 2 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Алматы қаласындағы өкілдігінде Германия Федеративтік Республикасы Бундестагы депутаттарының кеңселері аппараттарының басшылары, сондай-ақ Еуропарламент өкілдері қатысқан кездесу өтті. Кездесуді Қазақстандағы Конрад Аденауэр қоры мен Берлиндегі Конрад Аденауэр қорының Шығыс Азия және Тынық мұхиты аймағы жөніндегі бөлімі ұйымдастырды.
Конрад Аденауэр қоры Қазақстанда 2007 жылдан бастап саясат, парламентаралық диалог, бұқаралық ақпарат құралдары және экологиялық тұрақтылықты дамытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Қор Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісімен, облыстар мен қалалардың мәслихаттары мен әкімдіктерімен, «AMANAT» саяси партиясымен, мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам ұйымдарымен, университеттермен, «QazaqGreen» жаңартылатын энергетика қауымдастығымен серіктестікте белсенді жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ қауіпсіздік пен Орталық Азиядағы өңіраралық ынтымақтастық саласында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтымен тұрақты әріптестік дамуда.
Іс-шараға Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелерімен айналысатын және қызығушылық танытқан Германия Бундестагы депутаттары кеңселерінің аппарат басшылары қатысты.
Сапар аясында ҚСЗИ-дың, соның ішінде Алматыдағы өкілдігінің қызметімен таныстырылды. Қатысушылар энергетика, көлік-логистикалық маршруттар, әлемдегі геосаяси жағдай, өңірлік қауіпсіздіктің негізгі қатерлері мен тәуекелдері сияқты тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Тараптар кездесудің қорытындысы бойынша энергетика, жасыл экономика, көлік бағыттары және жобалардың тиімділігі мәселелерінде болашақта мазмұнды диалогты жалғастыруға мүдделілік танытты.
