21 қазанда ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы, дінтанушы Елнар Берікбаев Алматы қаласында өткен Рухани келісім күніне арналған республикалық форумға қатысты.
Форум барысында діни бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар қауымдастығы мен мемлекеттік қызметшілер азаматтық бейбітшілікті сақтаудағы мемлекеттік-конфессиялық және дінаралық диалогтың маңыздылығын атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамытудағы этика мәселелері жөніндегі дінаралық комиссия құру туралы бастамасын қолдады.
Елнар Берікбаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі этика және рухани бағдарлар» атты секцияның модераторы болды. Секция қатысушылары жасанды интеллектіні медицина, білім беру, дін және өзге де салаларда әзірлеу мен қолданудағы этикалық тәуекелдерді талқылады.
Өз сөзінде Е. Берікбаев Қазақстан тарихына тоқталып, еліміздің аумағында ежелгі уақытта зороастризм, буддизм, христиандық және ислам діндері кең таралғанын атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу арқылы дінаралық келісім мен өзара түсіністік құндылықтарын халықаралық деңгейде ілгерілетіп келеді. Біз түрлі этнос пен дін өкілдерімен бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеміз», — деді Елнар Берікбаев.
Форумға қатысушылар ғылым, дін және мемлекеттің өзара диалогы әділ әрі қауіпсіз цифрлық болашақ қалыптастырудың маңызды шарты екендігі жөнінде ортақ пікірге келді. Қазақстанда 18 қазан — Рухани келісім күні ретінде атап өтіледі.
