2025 жылғы 30 қазанда Алматы қаласында «Қазақстандағы әлеуметтік зерттеулердің болашағы: сапа, әдістер және деректер инфрақұрылымы» тақырыбында сараптамалық талқылау өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ұйымдастыруымен өткізілді және а.ж. 28 қазанда Астана қаласында өткен пікірталастың жалғасы болды.
Кездесуге елдің жетекші зерттеу және талдау ұйымдарының өкілдері қатысты. Олардың арасында Философия, саясаттану және дінтану институты (ҚР ҒЖБМ ҒК), «Стратегия» ӘСЗО» қоғамдық қоры, «BISAM Central Asia», «ZertteuLab» Экономика институты (ҚР ҒЖБМ ҒК), Narxoz University, Paperlab, DAMU Research Group және басқа да сарапшылар бар.
Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстандағы әлеуметтанулық зерттеулерді дамытудың өзекті бағыттарын талқылады. Талқылау шеңберінде әдіснаманы жетілдіру, деректер сапасы мен ашықтығын қамтамасыз ету, зерттеу инфрақұрылымын нығайту және кәсіби стандарттарды қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, сауалнамалар жүргізудің инновациялық тәсілдерін енгізу, қоғамның әлеуметтанулық деректерге деген сенімін арттыру және зерттеу қауымдастығы, академиялық институттар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар әлеуметтанулық зерттеулер саласындағы күш-жігерді жүйелі түрде үйлестірудің маңыздылығын атап өтіп, одан әрі кәсіби ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.






