Вашингтонда өтетін «C5+1» саммиті қарсаңында Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың талдау орталықтары стратегиялық әріптестікті нығайту және аймақтық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасуға арналған бірқатар сараптамалық кездесулер өткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймарданов осы кездесулерге қатысты.
4 қарашада ол The Heritage Foundation ұйымдастырған, «C5+1» саммитіне дайындық және АҚШ-тың Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерімен ынтымақтастық перспективаларына арналған пікірталаста сөз сөйледі.
Кездесу барысында Орталық Азияның жетекші зерттеу институттары мен талдау орталықтарының өкілдері аймақтық қауіпсіздік, энергетикалық тұрақтылық және экономикалық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ іс-шара аясында биыл қазан айында Ташкентте өткен АҚШ пен Орталық Азияның алғашқы сарапшылар форумы қорытындылары бойынша дайындалған «Advancing Regional Cooperation through the U.S.–Central Asia (C5+1) Platform» атты сараптамалық баяндама таныстырылды.
Өз сөзінде Жандос Шаймарданов баяндамадағы негізгі тұжырымдар мен ұсынымдарды таныстырып, «C5+1» форматының он жылдығы аймақтық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашқан маңызды белес екенін атап өтті.
«Өткен он жыл ішінде «C5+1» форматы диалог алаңы ретінде өзінің тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдеді. Ендігі міндет — талқылаудан ортақ стратегиялық іс-қимылдарға, үйлестіруден нақты іске көшу. Бұл ортақ басымдықтар мен өлшенетін нәтижелерге негізделуі тиіс», — деді ҚСЗИ директоры.
Сонымен қатар Ж. Шаймарданов Қазақстанның 2026 жылы Астанада АҚШ пен Орталық Азияның сарапшылар форумын өткізу жөніндегі бастамасын таныстырып, осы алаңда «C5+1» аясындағы диалогты дамытуға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеу қажеттігін атап өтті.
5 қарашада ҚСЗИ директоры Caspian Policy Center ұйымдастырған, «C5+1» форматының он жылдығына арналған «A Decade of Partnership: What Lies Ahead for C5+1?» конференциясына қатысты.
Іс-шара барысында сарапшылар жаңа геосаяси жағдайда форматтың даму перспективаларын, сондай-ақ Орталық Азия өңірінің көлік логистикасы, жасыл энергетика және стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар саласындағы әлеуетін талқылады.
Жеткізу тізбектерін нығайту мен аймақтық сауданы дамытудағы Орта дәліздің маңызына ерекше назар аударылды.
Талқылау қорытындылары бойынша қатысушылар Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы стратегиялық диалогты одан әрі нығайтудың, сараптамалық орталықтар арасындағы ынтымақтастықты жандандырудың және «C5+1» серіктестігінің жаңа онжылдығы аясында бірлескен зерттеу жобаларын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
6 қарашада Вашингтонда Орталық Азия елдерінің басшылары мен АҚШ Президенті Дональд Трамптың қатысуымен саммит өтеді. Алдағы кездесу «C5+1» диалогының стратегиялық бағдар алуындағы маңызды кезең болмақ. Саммит күн тәртібінде экономикалық әріптестікті тереңдету, энергетикалық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрлық және көліктік өзара байланысты дамыту мәселелері қаралады.





