13 қарашада «Нархоз» университетінде Үндістан Елшілігі, Heartland Expert талдау орталығы және «Нархоз» университеті бірлесіп ұйымдастырған «Үндістан және Қазақстан: жаһандық өзгерістер дәуіріндегі әріптестікті нығайту» атты конференция өтті.
Іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, ҚСЗИ сарапшылары және екі елдің жетекші мамандары қатысты.
Конференцияны Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Я. К. Сайлас Тангал ашты.
ҚСЗИ-дың Алматы қаласындағы Өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова өз сөзінде Үндістанның Орталық Азияны сыртқы саясатының маңызды бағыты ретінде қарастырып отырғанын атап өтті. Ол Қазақстан мен Үндістан арасындағы экономикалық байланыстар тұрақты өсіп келе жатқанын, 2024 жылы тауар айналымы 974,9 млн АҚШ долларына жеткенін айтты. Сондай-ақ ынтымақтастықтың БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Үндістан» диалогы аясында да белсенді дамып жатқанын жеткізді.
Конференцияға ҚСЗИ жанындағы Азиялық зерттеулері бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев қатысты. Ол үндістандық сарапшылардың Орталық Азия тақырыптарына қызығушылығы артып келе жатқанын, бұл өзара түсіністік пен бірлескен бастамаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
А. Құрмашев Қазақстанның аймақтық күн тәртібін белсенді қалыптастырып келе жатқанын да айтты. Оның айтуынша, ел экономикасы біртіндеп шикізаттық модельден өндіріс, технология және инновацияға негізделген бағытқа өтіп жатыр. Бұл технологиялық және индустриялық серіктестікке қызығушылықты арттырады. Үндістанның ІТ, фармацевтика және инженерлік салалардағы әлеуеті осы қажеттілікпен үйлеседі.
Іс-шара мемлекеттік құрылымдар, сарапшылық қауымдастық және бизнес өкілдері үшін тиімді пікір алмасу алаңына айналды. Қатысушылар екіжақты серіктестікті дамытуға арналған нақты қадамдарды талқылады.





