Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ конституциялық реформаны талқылауға арналған өңірлік сараптамалық пікірталастар циклін бастады

ҚСЗИ конституциялық реформаны талқылауға арналған өңірлік сараптамалық пікірталастар циклін бастады

2026 жылғы 4 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) жанындағы Өңірлік сарапшылар кеңесінің отырысы өтті. Отырыс елдің жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналды. Аталған кездесу алдағы конституциялық реформаның негізгі бағыттары бойынша өңірлік сараптамалық пікірталастар циклінің басталуына жол ашты.

Кеңес жұмысына Абай, Жетісу, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларынан түрлі кәсіби және қоғамдық салалардың өкілдері қатысты. Өңірлік өкілдіктің мұндай форматы ұсынылып отырған өзгерістерді жергілікті тәжірибе мен өңірлік даму ерекшеліктері тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік берді.

Отырысты аша отырып, ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтіп, оның өңірлік өлшеміне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, институционалдық өзгерістердің азаматтардың күнделікті өміріне, мемлекеттік органдардың жұмысына және жергілікті қауымдастықтардың дамуына қалай әсер ететіні өңірлерде айқын көрінеді.

Отырыс барысындағы пікіралмасуларда жаңа Конституция жобасының жекелеген баптары бойынша нақты ұсынымдар айтылды.

ҚСЗИ конституциялық реформа бойынша сараптамалық талқылаулар сериясын жалғастырып, оған елдің барлық өңірлерінен сараптамалық, академиялық қауымдастық пен азаматтық сектор өкілдерін кезең-кезеңімен тартатын болады. Бұл тәсіл конституциялық өзгерістердің теңгерімді, инклюзивті әрі практикалық бағытта жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Дайджест жаңалықтарына жазылу