Skip to content
Басты бет » Алматы қаласындағы ҚСЗИ филиалында жаңа Конституция жобасы жастардың қатысуымен талқыланды

Алматы қаласындағы ҚСЗИ филиалында жаңа Конституция жобасы жастардың қатысуымен талқыланды

2026 жылғы ақпан айында Алматы қаласындағы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Өкілдігінде жастардың қатысуымен Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналған ғылыми семинар өтті.

Семинарға Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының халықаралық қатынастар, саясаттану, әлеуметтану, архивтану мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Нархоз университеті, Халықаралық бизнес университетінің білім алушылары, сондай-ақ Алматы қаласындағы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Өкілдігінің және ҚР Президенті Архивінің Алматы қаласындағы филиалының базасында өндірістік тәжірибеден және зерттеу тағылымдамасынан өтіп жатқан жастар қатысты.

Семинардың мақсаты – студенттік аудиторияға ҚР жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелерін түсіндіру және жастар арасында ерекше қызығушылық тудыратын мәселелерді талқылау болды. Елдің Ата заңның жобасы жөнінде өздерінің сараптамалық пікірлерін ҚСЗИ ғалымдары мен сарапшылары – Ербулат Сейлеханов, Булат Әуелбаев, Әсел Әбен, Әсел Назарбетова жастармен бөлісті.

Өз сөздерінде спикерлер конституциялық реформаның алғышарттары мен Конституциялық комиссияның қызметіне тоқталды. Сарапшылар атап өткендей, жаңа Конституция жобасын әзірлеу саяси жүйені бүгінгі күннің шынайылығына бейімдеу мақсатындағы қоғамдық сұранысқа берілген жауап болды.

Жаңа Та заңның басты ерекшеліктері – адамға бағдарлану, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, «Заң және тәртіп» қағидатының үстемдігі, сондай-ақ азаматтардың саяси және экономикалық шешімдер қабылдауға қатысуы арқылы жүзеге асатын инклюзивтілік.

Сарапшылар жаңа Конституция жобасының кіріспесінде қазақстандық мемлекеттіліктің дамуын және Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын бейнелейтін жаңа құқықтық парадигма бекітілгеніне назар аударды. Бұл мемлекет дамуының тарихи аясын кеңейтіп, еліміздің азаматтық бірегейлігін тұжырымдамалық тұрғыдан қайта пайымдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ететін институттардың тәуелсіздігін күшейтуге және билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтауға бағытталған конституциялық нормаларды жаңартудың өзектілігі атап өтілді. Бұл факторлар инвестициялық ахуал мен ұзақ мерзімді экономикалық өсімге тікелей әсер етеді.

Жастар тарапынан кіріспе бөлімге енгізілген ережелерге, бір палаталы Парламент жұмысының ерекшеліктеріне, Парламенттің сыртқы саяси шешімдерге ықпал ету мүмкіндіктеріне, сондай-ақ құқықтар, бостандықтар мен міндеттерге қатысты мәселелерге ерекше қызығушылық танытылды.

Дайджест жаңалықтарына жазылу