Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директорының орынбасары ЕҰУ-де жаңа Конституциясы жобасын талқылауына қатысты

ҚСЗИ директорының орынбасары ЕҰУ-де жаңа Конституциясы жобасын талқылауына қатысты

12 ақпанда Қазақстан Республикасының Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған сараптамалық отырысқа қатысты.

Сараптамалық талдауға  Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Еркебұлан Жұмашев, заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, заң факультетінің деканы Бауыржан Сматлаев қатысты.

Іс-шара барысында ұсынылған Конституцияның негізгі ережелері, тұжырымдамалық өзегі мен институционалдық жаңашылдықтары кеңінен сөз болды. Сарапшылар жаңа Ата заң азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға басымдық беретінін, халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Құжат ел бірлігі мен тыныштығын, жер тұтастығын және адам құқықтарын сақтаудың маңызды кепілі ретінде бағаланды.

А. Жолдыбалина жаңа Конституция жобасын сараптамалық тұрғыда талқылаудың маңызын атап өтіп, ұсынылып отырған өзгерістерді жан-жақты әрі салмақты талдаудың, сондай-ақ олардың мемлекеттік институттардың дамуына және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге тигізер практикалық ықпалының мәніне тоқталды.

Жиында мемлекеттік биліктің конституциялық негіздерін нығайту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, басқару жүйесін жетілдіру, құқық үстемдігін күшейту және демократиялық институттарды дамыту мәселелері талқыланды. Адам құқықтары мен азаматтық жауапкершілікке қатысты нормалар да назарда болды.

Сараптамалық баяндамалар, пікір алмасу және сұрақ-жауап форматында өткен жиында жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, білімді, инновацияны және сыни ойлауды бағалайтын жаңа қоғамдық келісімнің негізі ретінде бағаланды.

Дайджест жаңалықтарына жазылу