Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да Қазақстан мен Орталық Азияның су қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

ҚСЗИ-да Қазақстан мен Орталық Азияның су қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

2026 жылғы 5 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) «Қазақстан мен Орталық Азияның су қауіпсіздігі» тақырыбында сарапшылық талқылау өтті.

Кездесуге ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов модераторлық етті. Пікірталасқа мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу институттарының, салалық талдау орталықтарының және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сарапшылар ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын талқылады. Сонымен қатар ел ішіндегі су ресурстарын басқару тетіктері және Орталық Азия елдерінің осы саладағы өзара іс-қимылы мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар су ресурстарын орнықты басқаруды қамтамасыз ету және ықтимал тәуекелдерді төмендету үшін күш-жігерді үйлестіру мен ортақ тәсілдерді қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, «Қазгидромет» РМК, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ, «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» КЕАҚ, «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.

Сарапшылық кездесу кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік беріп, Қазақстанның су қауіпсіздігін нығайту және Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуге негіз қалады.

Дайджест жаңалықтарына жазылу