Skip to content
Басты бет » Саяси пікірталастың жаңа мәдениетін қалыптастыру үшін берік негіз қаланды

Саяси пікірталастың жаңа мәдениетін қалыптастыру үшін берік негіз қаланды

Сайлау демократиялық саяси жүйенің негізі. Өйткені сайлау арқылы азаматтар өздерінің саяси жүйеге қатынасын білдіре алады. Сондықтан, 2023 жылдың 19-шы наурызында ҚР Парламентінің төменгі палатасы Мәжіліс пен жергілікті өкілдік орган болып саналатын Мәслихаттарға болатын сайлау жаңа электоралды мәдениеттің көрінісі болмақ. Себебі, аталған науқанда демократиялық қағидаларға негізделген өзгерістер жеткілікті.

Біріншіден, мажоритарлы сайлау жүйесінің қайта оралуы. Осылай 70%-30% қағидасы пайда болды. Бұл дегеніміз, Мәжілістің 70% пропорционалды сайлау жүйесі бойынша, яғни 69 депутат партиялық тізім арқылы, ал 30% бір мандатты территориялық сайлау округтарынан, демек 29 депутат мажоритарлы сайлау жүйесі негізінде сайланады деген сөз. Мажоритарлы сайлау жүйесінің Парламент сайлауына қайтарылуы өте маңызды демократиялық қадамдардың бірі. Себебі, жеке адамдарға өздерін бір мандаттық округтар арқылы депутаттыққа ұсынуға үлкен мүмкіндік береді және бүгінде ол үдеріс жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, өзін-өзі ұсынушылар арасында шынайы демократиялық саяси бәсекелестік пен саяси күрес жүреді.

Екіншіден, Парламентке өтудің межесі 7%-дан 5% түсірілді. Жалпы, пайыздық кедергі қағидасы пропорционалды сайлау жүйесіне тән. Енді, сайлаушылардың 5% және одан жоғары жинаған саяси партия парламентке өте алады. Бұл өз кезегінде Парламентке жаңа саяси партиялардың өтуіне жол ашады. Сонымен қатар, Парламентте партиялар санының өсуіне алып келуі мүмкін. Осыған орай, Парламенттегі плюрализм заңдардың сапасын арттырады. Жалпы, еліміздегі парламентаризм институтына үлкен өзгерістер әкелмек.

Үшіншіден, ҚР «Саяси партиялар» туралы заңына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар арқасында, сайлау жүйесіне де жаңа өзгерістер келді. Бұрын, саяси партия құру үшін қатарында 20 мың адам болу керек еді. Қазір сол 4 есе азайтылып 5 мың адамға дейін қысқартылды. Нәтижесінде, елімізде екі жаңа саяси партия «Respublica» мен Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақ» пайда болды. Екі партияда қазіргі таңда сайлау науқанына қатысып сайлаушылардың таңдау жасау мүмкіндіктерін кеңейтті. Сөйтіп саяси жүйедегі саяси партиялардың саны 7-ге жетті.

Нәтижесінде, жоғарыда көрсетілген ерекшеліктердің барлығы еліміздің саяси жүйесінде шынайы демократиялық саяси бәсекелестік пен саяси күресті күшейтеді. Қазақстан азаматтарының жаңа электоралды мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сайлаушылардың сайлау үдерістеріне қызығушылығын айтарлықтай арттырады. Сайлауға қатысуды ынталандырады. Азаматтардың конструктивті саяси белсенділігі өседі. Мәжіліс құрамының көп бөлігі ауысу мүмкіндігі жоғарылады. Соның ішінде жастар мен әйелдердің үлес салмағы өсуі мүмкін.

 

Асхат Кеңесов

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Ақтөбе қаласындағы өкілі