2026 жылғы 14 сәуір күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Франция Республикасы Сенатының делегациясымен кездесу өтті.
Франция делегациясын сенатор Валери Буйе басқарды. Делегация құрамына сенаторлар Сильви Гой-Шавен, Патрис Жоли, Эвелин Перро, Гийом Гонтар, сондай-ақ Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге енді.
Қазақстан тарапынан аталған кездесуге ҚСЗИ директорының орынбасары Даурен Әбен, бас ғылыми қызметкер Санат Көшкімбаев және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Алия Мұсабекова қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның халықаралық және ішкі күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, елдің сыртқы саясаттағы басымдықтары мен конституциялық реформаның нәтижелері талқыланды. Институционалдық жаңғыру, саяси жүйенің орнықтылығын нығайту және парламентаралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ҚСЗИ өкілдері Франция тарапына Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі бағыттарын қамтитын институттың аналитикалық материалдарын таныстырды.
Кездесу сындарлы әрі мазмұнды жағдайда өтіп, Қазақстан мен Франция арасындағы сараптамалық диалогті тереңдетуге және ынтымақтастықты дамытуға өзара қызығушылық бар екенін көрсетті.






