2026 жылғы 22 сәуір күні Моңғолия Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймарданов Моңғолия Ғылым академиясының Халықаралық зерттеулер институтының директоры Золбоо Дашняммен кездесті.
Кездесу барысында екі институт арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ұзақ мерзімді сараптамалық ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми-талдамалық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ екі елдің зерттеу орталықтары арасындағы институционалдық диалогті нығайтуға бағытталған.
Ж. Шаймарданов ҚСЗИ мен Моңғолияның сарапшылық қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылдың бүгінде жүйелі әрі мазмұнды арнада дамып келе жатқанын атап өтті.
Ал Золбоо Дашням Меморандумға қол қою кәсіби байланыстарды одан әрі кеңейтуге және бірлескен зерттеу бастамаларын дамытуға берік негіз болатынын айтты.
Кездесу барысында тараптар қазақстандық-моңғолиялық ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.







