2026 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Еуропалық одақтың (ЕО) Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады. Сондай-ақ сұхбаттасушылар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның барысы мен маңызы жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында қатысушылар Орталық Азияның аналитикалық институттары мен ЕО елдерінің «ми орталықтары» арасындағы сараптамалық өзара іс-қимыл перспективаларын қарастырды.
Жандос Шаймарданов ғылыми-сараптамалық диалог екіжақты әріптестіктің маңызды элементі екенін атап өтті. Осы орайда ол ҚСЗИ-дың институционалдық байланыстарды кеңейтуге, бірлескен зерттеу бастамаларын дамытуға және еуропалық сарапшылар қауымдастығымен кәсіби байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Өз кезегінде Эдуардс Стипрайс Брюссельдің Қазақстанмен әріптестік қатынастарды жоғары бағалайтынын атап өтті. Арнайы өкіл ҚСЗИ-дың ЕО елдерінің аналитикалық және зерттеу орталықтарымен ынтымақтастығын дамытуға, оның ішінде бірлескен сараптамалық іс-шаралар өткізу арқылы қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастық, тұрақты даму, көлік байланыстылығы және академиялық алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар конструктивті диалогты жалғастыруға және екінші трек дипломатиясын одан әрі ілгерілетуге дайын екенін растады.





