Skip to content
Басты бет » Саяси жаңартулар жылы

Саяси жаңартулар жылы

2022 жыл Қазақстан тарихында ауқымды саяси реформалар мен жаңартулар жылы ретінде қалады. Бүкіл саяси жүйені қайта жаңарту үдерісіне бастама болған конституциялық реформа жылдың негізгі оқиғасы болды. Оның аясында Конституцияның 30-ға жуық бабына өзгерістер енгізілді.
Бұған дейін 2019 жылдан бері саяси реформалардың 4 пакеті қабылданып, оның аясында 10-ға жуық заң әзірленген болатын. 2022 жылы олар өздерінің логикалық жалғасын тауып, үлкен, ауқымды сипатқа ие болды. Конституцияға енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге, Парламенттің рөлі мен мәртебесін арттыруға, билікті монополиясыздандыруға және бәсекелестікті арттыруға бағытталды.
Атап айтқанда, Конституциялық Соттың құрылуы, 7 жылдық бір реттік президенттік өкілеттіктің енгізілуі, Мәжіліс пен Сенат арасындағы функциялардың өзгеруі, облыс әкімдерін сайлаудың жанама жүйесінің енгізілуі, мәслихаттарда бір мандатты депутаттардың пайда болуы, Президенттің партиядан шығуы, Президенттің туыстары мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерді атқара алмауы және т.б.
Үкімет конституциялық өзгерістерге сәйкес келетін тиісті заң жобаларын әзірлеп, қыркүйекте Парламентке ұсынған болатын. Бұл заңдар Мәжілісте мұқият және жан-жақты қаралып мақұлданды, кейін Сенатта қабылданды.
Конституциялық реформа өткен жылдың күзіндегі президенттік сайлаудан бастау алған жаңа ірі сайлау циклін бастады.
Биыл Сенат, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтеді. Азаматтар аудан әкімдерін тікелей сайлайды.
Түптеп келгенде, реформалар елдің саяси өмірін ырықтандыруға, тежемелік пен тепе-теңдіктің жаңа балансын орнатуға және жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
 
Әлішер Тастенов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы