2026 жылдың 1 шілдесінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты алаңында Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы (СЗО) делегациясымен кездесу өтті. Делегацияны СЗО директорының орынбасары Хекматулла Заланд бастап келді.
Кездесу барысында тараптар қазақ-ауған ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын, екі ел сарапшылары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Ауғанстан арасындағы өңірлік өзара байланыстарды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Хекматулла Заланд ауған тарапының көлік байланысы мен логистика саласындағы бірлескен жобалар бойынша жұмысты жалғастыруға мүдделі екенін растады. Ол Трансауған көлік дәлізін қоса алғанда, теміржол инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті.
Өз кезегінде ҚСЗИ директорының орынбасары Даурен Әбен Қазақстанның Ауғанстанмен экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге дайын екеніне тоқталды. Оның айтуынша, екіжақты ынтымақтастықтың тұрақты дамуы ғылыми-сараптамалық сүйемелдеуді қажет етеді. Осыған байланысты ол екі елдің талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін ерекше атап өтіп, олардың практикалық ұсынымдар әзірлеуге елеулі үлес қоса алатынын айтты.
Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы экономикалық әріптестікті әртараптандырудың әлеуеті мен перспективалары туралы ҚСЗИ директорының орынбасары Жанар Габдуллина пікір білдірді. Ол Орта дәліз, Трансауған және басқа да көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін толыққанды пайдалану өңірлік ынтымақтастықты дамытуға елеулі серпін беретінін атап өтті.
СЗО – Ауғанстан Сыртқы істер министрлігінің халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат мәселелері бойынша елдің саяси басшылығына сараптамалық қолдау көрсететін жетекші академиялық және талдамалық құрылымы.





