Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ мен Конрад Аденауэр қоры ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледі

ҚСЗИ мен Конрад Аденауэр қоры ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледі

2026 жылғы 14 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің делегациясын қабылдады. Делегацияны өкілдіктің жаңадан тағайындалған директоры Макс Дукштайн бастап келді.

Институт директоры Жандос Шаймарданов қонақтармен амандаса отырып, Макс Дукштайнды жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, табыс тіледі. Оның айтуынша, неміс әріптестермен байланыс Институттың халықаралық жұмысындағы келешегі зор арналардың бірі. Ол ҚСЗИ Қормен мазмұнды пікір алмасуға, бірлескен іс-шаралар мен зерттеулер ұйымдастыруға, жарияланымдар дайындауға және ынтымақтастықтың тың форматтарын жолға қоюға ниетті екенін жеткізді.

Макс Дукштайн Қордың басым міндеттерімен таныстырды. Ол ҚСЗИ-мен байланысты тереңдету Қазақстан мен Германияның екіжақты қатынасына оң ықпал ететінін айтты. Сонымен бірге «С5+» форматындағы, сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызына назар аударды.

Конрад Аденауэр атындағы қор — Германиядағы ең ірі саяси қорлардың бірі. 1955 жылы құрылған ұйым ГФР-дің тұңғыш канцлері Конрад Аденауэрдің есімімен аталады. Қор Христиандық-демократиялық одақпен (ХДО) тығыз байланысты, христиандық-демократиялық құндылықтарды ұстанады.

Дайджест жаңалықтарына жазылу