2026 жылғы 23 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында «PISA-2025: Қазақстандағы білім беру жүйесін дамыту бағыттары» тақырыбында сараптамалық талқылау өтті.
Кездесуге ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов модераторлық етті. Пікірталасқа талдау орталықтарының өкілдері, жекеменшік және мемлекеттік мектептердің директорлары, сондай-ақ білім беру саласының сарапшылары қатысты.
Қатысушылар PISA халықаралық зерттеуінің нәтижелерін ескере отырып, мектептегі білім беру сапасын арттыру бағыттарын талқылады. Функционалдық сауаттылықты дамыту, оқытудың мазмұны мен әдістерін жетілдіру, сондай-ақ оқушылардың өз бетінше ойлау және алған білімін іс жүзінде қолдану дағдыларын қалыптастыру мәселелері басты назарда болды.
Пікірталас барысында Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлықты іске асырудың басым бағыттары қарастырылды. Құжатта 2026-2029 жылдарға арналған кешенді шаралар көзделген. Олардың қатарында мектептердің цифрлық инфрақұрылымын дамыту, оқытуды дербестендіру, педагогтерді даярлау, деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бар. Оқушылардың пәндерді терең меңгеруіне және жеке қажеттіліктеріне сай білім алуына мүмкіндік беретін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу қатысушыларға өзара пікір алмасып, практикалық тәжірибелерімен бөлісуге және Қазақстанда мектептегі білім беруді дамытудың келешегін талқылауға мүмкіндік берді.











