Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы APRI Forum 2026 жұмысына қатысты

ҚСЗИ сарапшысы APRI Forum 2026 жұмысына қатысты

2026 жылғы 23-25 қыркүйекте Ереванда Армения қолданбалы саясатты зерттеу институты (APRI Armenia) ұйымдастырған дәстүрлі APRI Forum 2026 өтті. Биылғы форум «Өзгерістер архитектурасын қалыптастыру» (Sketching the Architecture of Change) тақырыбына арналды.

Форумға мемлекеттік құрылымдардың, дипломатиялық және сараптамалық қауымдастықтың, жеке сектор мен азаматтық қоғамның өкілдері жиналды. Үш күнге созылған бағдарлама аясында тақырыптық және пәнаралық пікірталастар ұйымдастырылды. Жиында негізінен сыртқы саясат, өңірлік қауіпсіздік, көліктік байланыс мәселелері, сондай-ақ Арменияның экономикалық даму болашағы талқыланды.

Форум жұмысына ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдірешев қатысты.

Көліктік байланысқа арналған пікірталаста ол Еуразиядағы көлік-логистикалық бағыттарды дамыту жөніндегі Қазақстанның ұстанымын таныстырды. Сарапшы Орта дәлізді дамытуға, сондай-ақ Оңтүстік Кавказ арқылы өтетін жаңа бағыттарды өңірде қалыптасып келе жатқан көлік архитектурасына кіріктіру мүмкіндіктеріне ерекше тоқталды. Осы орайда TRIPP жобасының Орта дәлізді толықтырып, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Түркия және Еуропа нарықтары арасындағы көлік қатынасын кеңейте алатыны айтылды.

Форумда екі елдің қатынастарының болашағына да жеке назар аударылды. Оңтүстік Кавказдағы өзгерістер аясында Арменияның өңірлік үдерістердегі рөлі де өзгеріп жатқаны айтылды. Ереванның сыртқы саясатты әртараптандыру бағыты мен «Шынайы Армения» тұжырымдамасын ілгерілетуі Орталық Азия елдерімен байланысты дамытуға жаңа жағдай туғызып отыр.

Осы тұрғыда екі ел арасындағы ынтымақтастықтың оң серпіні атап өтілді. Былтыр қабылданған екіжақты қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру туралы бірлескен мәлімдеме жан-жақты диалогты тереңдетуге қосымша мүмкіндік береді.

Дайджест жаңалықтарына жазылу