Король Филипптің мемлекеттік сапары — жай ғана хаттамалық іс-шара емес, Бельгия дипломатиясы басымдықтарының өзгергенін және Қазақстан мен Бельгия арасындағы қатынастардың «шикізаттық» бағыттан технологиялық ынтымақтастыққа бет бұрғанын білдіретін белгі.
Бұл сапар «тарихи» деп аталды, өйткені ол Бельгия монархының Қазақстанға ғана емес, тұтас Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары болды.
Брюссельдің 110 адамнан тұратын делегациясы хаттамалық миссиямен емес, нақты уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатымен келгенін көрсетеді. Бельгия делегациясының құрамына үкімет өкілдері, ірі компаниялардың басшылары және жетекші университеттердің ректорлары кірді. Мұндай формат Брюссельдің ниеті байыпты екенін аңғартады.
Бельгия соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына 15 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция салып, еліміздің ең ірі он инвесторының қатарына кіреді. Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 76 кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 580 млн доллардан асты.
Алайда басты мәселе сауда көлемінде емес, оның құрылымында. 2025 жылы Қазақстанның Бельгияға экспорты 48%-ға өсті, оның ішінде зығыр тұқымының жеткізілімі маңызды орын алды. Қазақстан қазірдің өзінде Еуропалық одаққа осы өнімді жеткізуші жетекші ел болып отыр, ал Бельгия — Еуропадағы ең ірі өткізу нарығы. Бұл шикізат экспортынан бірлескен терең өңдеуге көшуге алғышарттар жасайды.
Ынтымақтастық нақты нәтиже бере алатын бірнеше бағытты атап өтуге болады.
Біріншісі — көлік және логистика. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту үшін бельгиялық технологиялар мен басқарушылық құзыреттерді тартуға мүдделі. Еуропадағы ең ірі логистикалық тораптардың бірі — Антверпен-Брюгге портының маңызы ерекше. Оның порт операцияларын цифрландыру, мультимодальды тасымалдар және жүк ағындарын басқару саласындағы тәжірибесі Ақтау мен Құрық порттарын жаңғыртуда пайдалы болуы мүмкін. 2026 жылғы қыркүйекте тараптар осы порттар арасында тікелей ынтымақтастық орнату, оның ішінде мамандар даярлау және «ақылды порт» технологияларын енгізу мәселелерін нақты талқылады.
Екіншісі — маңызды минералдар және өңдеу өндірістері. Қазақстанның ресурстық базасы ауқымды және Еуропалық одақ айқындаған аса маңызды шикізаттың 34 түрінің 18-ін өндіреді. Бельгияның химия өнеркәсібі, металлургиялық технологиялары және материалдарды өңдеу саласындағы құзыреттері дамыған. Шикізат саудасынан қосылған құны жоғары бірлескен өндірістер құруға көшу перспективалы бағыт болып саналады. Бұған металдарды өңдеу, өнеркәсіптік компоненттер шығару және Еуропа нарығына арналған тұрақты өндірістік тізбектер қалыптастыру кіреді.
Үшіншісі — өнеркәсіптік кооперация және инвестициялар. Қазақстанда Jan De Nul, Sarens және Ahlers Logistics сияқты бельгиялық компаниялардың болуы өзара іс-қимылды кеңейтуге негіз қалыптастырып отыр. Ең перспективалы бағыттарға инфрақұрылымдық құрылыс, машина жасау, мұнай-химия, өнеркәсіптік жабдық өндіру және заманауи инженерлік шешімдерді енгізу жатады. Өндірісті жергіліктендіруді, қазақстандық мамандарды даярлауды және технологиялар беруді көздейтін жобаларға басымдық берілуі керек.
Төртіншісі — цифрландыру және инновациялар. Астана мен Брюссельдің жасанды интеллект, өнеркәсіптік автоматтандыру, киберқауіпсіздік және қалалық инфрақұрылымды цифрлық басқару салаларындағы мүмкіндіктері бірін-бірі толықтырады. 2026 жылғы қыркүйекте бельгиялық The Beacon технологиялық орталығы мен Astana Hub арасында әріптестік орнату мүмкіндігі талқыланды. Мұның практикалық маңызы — бірлескен технологиялық жобаларды іске асыру, стартаптар алмасу, өнеркәсіп пен логистикада цифрлық шешімдерді енгізу. Бельгияның спутниктік технологиялар саласындағы құзыреттері мен Қазақстанның ғарыш инфрақұрылымы әлеуетін ескере отырып, ғарыш саласы да ерекше назар аударуға тұрарлық.
Сапардың нақты нәтижесі ұзақ мерзімді өзара іс-қимылға бағытталған бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың нақты портфелін қалыптастыру болуы мүмкін. Егер бұл уағдаластықтар нақты жобаларға ұласса, Қазақстан жай ғана инвестиция алып қоймай, ел ішінде сақталып, дамитын құзыреттерге де ие болады.
Әлішер Әбдірешев,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Еуропалық және америкалық
зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы


