Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұжымы АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниель Розенблюммен кездесті.
Сараптамалық талқылауды аша отырып, ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов институт қабырғасында бұған дейін де «елшімен кездесу» форматында бірнеше іс-шара өткенін айтты. «Біз үшін бұл кездесу Қазақстан-Америка қарым-қатынастарын тереңірек талқылап, екіжақты ынтымақтастықты дамыту әлеуеті мен қос ел арасындағы кооперацияны ілгерілету бойынша пікір алмасуғa зор мүмкіндік», – деді ол.
Өз кезегінде Розенблюм мырза АҚШ пен ТМД елдері арасындағы қарым-қатынастарды зерттеп жүргеніне біраз жыл болғанын айтты. «Біршама уақыт өтсе де, білетінімнен білмейтінім көп. Қазақстанның ғалымдары және мамандарымен байланыс орнату мүмкіндігін жоғары бағалаймын», – деді АҚШ елшісі.
Кездесу қатысушылары Қазақстан-Америка ынтымақтастығы, ғылыми және сараптамалық саладағы диалогты нығайту, сондай-ақ бірлескен іс-шараларға қатысу мәселелері сияқты кең ауқымды тақырыптар бойынша пікір алмасты.