Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшылары Венгрияда өткен халықаралық семинарға қатысты

ҚСЗИ сарапшылары Венгрияда өткен халықаралық семинарға қатысты

2026 жылғы 7–8 қазанда Будапешт қаласында «Климаттық дағдарыс және қалыптасқан әлемдік тәртіпті бұзу саясаты дәуірінде ЕО мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты нығайту» тақырыбында халықаралық сарапшылық семинар өтті. Іс-шараны Корвин университетінің Орталық Азияны зерттеу орталығы мен Лоранд Этвёш атындағы университеттің Орталық Азия жөніндегі зерттеу тобы бірлесіп ұйымдастырды.

Семинарға Венгрия, Қазақстан және Өзбекстанның талдау орталықтарының, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Қатысушыларға Еуропалық одақтың Орталық Азия болйынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс, Қазақстанның Венгриядағы елшісі Әнел Бақытбекқызы және Өзбекстанның Венгриядағы елшісі Ойбек Шахавдинов құттықтау сөз сөйледі. Семинарда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен мен ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Айгерім Абдрашитова баяндама жасады.

Адамзатқа төнген экзистенциалдық қатерлерге қарсы іс-қимылдың серпінді идеяларына арналған сессияда сөз сөйлеген Дәурен Әбен климаттық дағдарыс пен су ресурстары тапшылығының артуы жағдайында жаһандық су ресурстарын басқаруды нығайту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы халықаралық күш-жігердің үйлесімділігін арттыруға, қолданыстағы институттардың әлеуетін біріктіруге және декларациялардан нақты шешімдерге көшуге бағытталған.

Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің су қауіпсіздігі, климаттың өзгеруіне бейімделу, заманауи технологияларды енгізу және ғылыми білім алмасу салаларындағы ынтымақтастығын тереңдету перспективаларына ерекше назар аударылды. Д. Әбеннің пікірінше, су дипломатиясы саласындағы бірлескен күш-жігер көпжақты ынтымақтастық пен халықаралық тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қоса алады.

Айгерім Абдрашитова Венгрия мен Вишеград төрттігінің Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы рөліне арналған сессияда сөз сөйледі. Ол Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын, сондай-ақ өңір мемлекеттерінің ұстанымдарын үйлестіру және ортақ мүдделерін ілгерілету үшін Вишеград тобының тәжірибесін пайдалану мүмкіндіктерін атап өтті.

А. Абдрашитова өңірлік ынтымақтастықтың, ең алдымен су-энергетика және көлік салаларындағы практикалық тетіктеріне сұраныстың артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол Орталық Азияның бес елі арасындағы үйлестіруді нығайту олардың C5+1 форматының әлеуетін тиімдірек пайдалануына және сыртқы серіктестермен өзара әрекеттестіктің күн тәртібін бірлесіп қалыптастыруына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Дайджест жаңалықтарына жазылу