2023 жылдың 28 ақпанында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында қазақтың белгілі ғалымы, халықаралық қатынастар маманы, саясаттанушы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты бірегей кітабының сараптамалық талқылауы өтті.
Іс-шара Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының 30 жылдық мерейтойына арналған 2023 жылғы іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов: «Әріптесіміздің еңбегі Қазақстанның үздіксіз мемлекеттілігін кең бұқараға, қалың қауымға жеткізуге арналған. Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың кітабы Қазақстан тарихына қызығушылық танытқандардың барлығына арналған бірегей кітап болатынына және студенттерге, магистранттар мен докторанттарға қазақ халқының мемлекеттілігі мәселелерін зерделеуге көмектесетініне сенімдімін».
Аталмыш кітап автордың 17 жыл бойы АҚШ, Еуропа және Таяу Шығыс елдерінің кітапханаларында, мұрағаттарында және мұражайларында жүргізген зерттеулерінің нәтижесі. Автор бұл кітабында еуропалық және америкалық картографтар мен географтардың орта ғасырлардан бастау алатын Қазақстан мемлекеттілігі анық көрсетілген 130 картасын толық жүйелеп, нақты деректерімен қатар ғылыми-техникалық сипаттамаларын берген. Кітапты дайындау барысында 45 мыңнан астам карта мен 300-ге жуық көне атласты зерттеген.
Кітап авторы – Сыдықназаров Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы – белгілі ғалым, халықаралық қатынастар маманы, филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтының профессоры, 100-ден астам ғылыми жарияланымдардың, 4 монографияның, 3 оқулықтың авторы.
М. Сыдықназаров: «Кітапта көрсетілген карталар біздің мемлекеттілігіміздің құжаттық базасы және олардың басым бөлігі Қазақстанның ғылыми-зерттеу айналымына алғаш рет енгізіліп отыр. Біз олардың мектеп оқулықтарына түсуі үшін атсалысып жатырмыз».
Шара аясында автор әлемдік картографияның тарихына қысқаша экскурсия жасап, оның қазіргі тенденцияларына тоқталды. «Qazaq» автоэтнонимі мен кратонимінің қолданылу тарихын түсіндіріп, кітапты құрастыруда пайдаланылған карталарды сарапшылар назарына ұсынды. Сондай-ақ ғалым жас мамандарды оның теориясын жоққа шығаратын немесе растай алатын ғылыми зерттеулер жасауға шақыра отырып, «Gete» (жете, жеті) кратонимінің шығуы туралы ғылыми гипотезаны ұсынды.
Сонымен қатар сараптамалық талқылау барысында ҚСЗИ директорының орынбасары С.Қ. Көшкімбаев пен бас ғылыми қызметкер М.Т.Лаумулин пікір білдірді.
С.Қ. Көшкімбаев Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың кітабына жоғары баға берді. «Бүгін біз зерттеушінің орасан зор еңбегіне, ішкі мотивациясына, ынта-жігеріне, орасан зор еңбегіне құрмет пен алғыс айтамыз. «Қолжазба жанбайды» деген нақыл сөз бар. Сіздің кітабыңыз ғасырлар бойы сақталып, кейінгі ұрпақ зерттеушілері де сондай қызығушылықпен, ынтамен зерделенуіне тілектеспін», – деді спикер.