Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты жарияланды. Бұл сұхбатта саяси, әлеуметтік, экономика салаларындағы қазақстандық қоғамда өзекті бірнеше мәселелер жайында жан-жақты сөз қозғалды. Оның ішінде, Президент саяси реформалар негізінде жастарға берілген мүмкіндіктер жайлы сөз қозғап кетті.
Елімізде Мемлекет басшының бастамасымен 2019 жылдан бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, 2023 жылдың басында Президенттік жастар кадр резервіндегі 350 адамның ішінен әртүрлі жауапты лауазымдарға 258 адам тағайындалды, оның ішінде 34-і саяси мемлекеттік қызметшілер және «А» корпусының саяси мемлекеттік қызметшілері (аппарат басшылары, комитет төрағалары). 2023 жылдың соңында Ұлттық комиссияның шешімімен Президенттік жастар кадр резервіне 50 адам қабылданды. Сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихат депутаттары үшін жастар, әйелдер және мүгедектер қатарынан 30% квота енгізілді. Өзгерістер негізігінде бүгінгі таңда Мәжілісте 35 жасқа дейінгі 8 депутат жұмыс істейді.
Шынымен, жастар – кез-келген қоғамның ілгері дамуының ядросы. Олардың белсенділігі мемлекеттің даму қарқыны мен бағытын анықтайды. Жастар басқа жас топ өкілдерімен салыстырғанда мобильдігімен, бастамашылдығымен, иновациялық трансформацияларға, жаңа технологияларға бейімділігімен, түрлі сын-тегеуріндерге қарсы тұру қабілетімен ерекшеленеді.
Осыған орай, бұл топ өкілдерінің билік құрылымдарына белсенді тартылуы заңдылық. Президент Қ. Тоқаев сұхбатта жас мамандарды мемлекеттік қызметке белсенді тарту саясаты жалғасын табатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде білімді, жасампаз, жаңа идеялардың генераторы болып табылатын жастарға берілетін үлкен сенім мен мүмкіндік.
Дулат ӨТЕҒАЛИ
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы