Skip to content
Басты бет » Референдумға қатысу – әрбір азаматтың конституциялық құқығы

Референдумға қатысу – әрбір азаматтың конституциялық құқығы

2022 жылғы 5 маусым Қазақстан үшін тарихи маңызы бар күн – бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Референдум өткізу – азаматтардың өз пікірін білдіруінің әлемдік тәжірибеде жалпыға бірдей мойындалған тәсілдерінің бірі және Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бүгінгі дауыс беру оның заңдылығын айтарлықтай арттыруы мүмкін.

Референдум өткізу туралы шешім 27 жыл ішінде алғаш рет қабылданды. Қазақстандағы соңғы референдум 1995 жылы 30 тамызда Конституцияны қабылдау бойынша өтті. Оның нәтижесінде ел азаматтарының 90%-дан астамы жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Алдыңғы референдумдағыдай, бұл жолғы дауыс беру халықтың жоғары белсенділігімен ұштасып жатыр. Бұл Президентімізге деген жоғары сенімнің көрсеткіші. Көпшілік біздің ортақ болашағымыз бен балаларымыздың болашағы Мемлекет басшысы таңдаған бағытқа байланысты екенін түсінеді. Референдумға шығарылған мәселелер ұлтына және тұратын аймағына қарамастан әрбір азамат үшін бірдей маңызды. Өйткені олар біздің әрқайсымыз үшін өмірдің маңызды салаларын қозғайды.

Дауыс беру – әрбір қазақстандық үшін елде болып жатқан өзгерістерге өз көзқарасын білдіру, азаматтық ұстанымын көрсету және өз елінің болашақ тағдырын анықтауға үлес қосудың бірегей мүмкіндігі.

Бүгін таңнан бері біз азаматтарымыздың Қазақстанды одан әрі дамытудың негізгі мәселелері бойынша өз пікірін білдірудегі жоғары белсенділігін бақылап отырмыз. Сағат 8-ге қарай республика бойынша 9964 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Олар ашылғаннан бастап сайлаушылардың айтарлықтай жоғары белсенділігі байқалды. Сайлау учаскелері ашылғаннан бергі алғашқы 2 сағатта республика бойынша орта есеппен тізімге енгізілген азаматтардың 28 пайыздан астамы сайлау құқығын пайдаланып үлгерді. Сағат 16.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың жартысынан астамы – 60,8% өз бюллетендерін алып үлгерген. Біз бүгін азаматтардың референдумға қатысуының жоғары деңгейін байқап отырмыз. Бұл Қазақстан халқының Мемлекет басшысы ұстанған бағытты қолдаудағы ауызбіршілігін көрсетеді.

Бүкілхалықтық референдум өткізудің өзі Президент жариялаған саяси жүйені демократияландырудың, азаматтардың саяси процестерге белсенді қатысатын жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудың нышаны болып табылады. Оған қатысу арқылы әрбір қазақстандық ұсынылып отырған өзгерістерге өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік алады.

Бүгінгі референдумға қатысу конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін алғаш рет сайлау учаскелеріне келетін көптеген жас қазақстандықтар үшін алғашқы бірегей тәжірибе болуы мүмкін. Сайлау учаскелерінен әр жастан асқан азаматтарды көріп жатырмыз. Олардың әрқайсысы өз елінің тағдырына бейжай қарамайтын азаматтар.

Ольга Қалдыбаева,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері