Skip to content
Басты бет » Алматыда өткен әлеуметтанушылар форумында Қазақстандағы әлеуметтанулық зерттеулердің болашағы талқыланды

Алматыда өткен әлеуметтанушылар форумында Қазақстандағы әлеуметтанулық зерттеулердің болашағы талқыланды

2026 жылғы 2 маусымда Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Нархоз университеті бірлесіп ұйымдастырған «Цифрлық дәуірдегі әлеуметтанулық зерттеулер: трендтер мен сын-қатерлер» атты әлеуметтанушылар форумы өз жұмысын жалғастырды.

Форумның екінші күні зерттеу орталықтарының, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, зерттеу компанияларының, цифрлық платформалардың өкілдері мен халықаралық сарапшылардың басын қосқан «Қазақстандағы әлеуметтанулық зерттеулердің болашағы: жаңа стандарттар, технологиялар және сенім» атты стратегиялық сессиямен ашылды.

Стратегиялық сессияның модераторы – ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов әлеуметтанушылар қауымдастығы өкілдеріне Қазақстандағы әлеуметтану ғылымын одан әрі дамыту жолдарын және цифрлық трансформация жағдайында зерттеу қоғамдастығы алдында тұрған сын-қатерлерді бірлесіп талқылауды ұсынды.

Сессия барысында қатысушылар деректер сапасын арттыру, ұлттық зерттеу инфрақұрылымын дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және әлеуметтанулық зерттеулер нәтижелеріне деген қоғамдық сенімді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сондай-ақ, Форумның екінші күні аясында екі тәжірибелік воркшоп ұйымдастырылды.

БАӘ университетінің (UAE University) доценті, Қоғамдық пікірді зерттеу жөніндегі дүниежүзілік қауымдастықтың (WAPOR) атқарушы комитетінің мүшесі Татьяна Карабчук әлеуметтанулық зерттеулер нәтижелері негізінде академиялық жарияланымдар дайындау бойынша тренинг өткізді. Қатысушылар халықаралық ғылыми журналдардың заманауи талаптарын, зерттеу дизайнын қалыптастырудың ерекшеліктерін, әдебиеттерге шолу әзірлеуді, гипотезаларды тұжырымдауды және деректерді талдау нәтижелерін ұсыну тәсілдерін талқылады.

Екінші воркшопты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институты жанындағы ZertteuLab зертханасының жетекшісі Айсұлу Молдабекова жүргізді. Семинар цифрлық құралдарды пайдалана отырып әлеуметтік-экономикалық деректерді жинау мен талдаудың заманауи тәсілдеріне арналды.

Сарапшы әлеуметтік зерттеулерде цифрлық іздерді, әлеуметтік желілер деректерін, әкімшілік дереккөздерді, іздеу сұраныстарын және мобильді деректерді пайдалану мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар дәстүрлі әлеуметтанулық әдістерді үлкен деректерді талдаумен ұштастыратын аралас зерттеу дизайндарына, веб-скрапингтің, машиналық оқытудың және табиғи тілді өңдеудің заманауи құралдарына ерекше назар аударылды.

Форумға қатысушылар цифрлық технологиялардың дамуы қоғамдық үдерістерді зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын, алайда бұл зерттеу әдіснамасын үздіксіз жетілдіруді, жаңа буын мамандарын даярлауды және тұрақты деректер инфрақұрылымын қалыптастыруды талап ететінін атап өтті.

Дайджест жаңалықтарына жазылу