Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен БҰҰ арасындағы халықаралық және гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті аспектілері ҚСЗИ-дағы кездесудің негізгі тақырыбына айналды

Қазақстан мен БҰҰ арасындағы халықаралық және гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті аспектілері ҚСЗИ-дағы кездесудің негізгі тақырыбына айналды

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) Қазақстан Республикасындағы Тұрақты координаторы Микаэла Фриберг-Сторимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Еркін Тұқымов институттың зерттеу қызметі мен болашақ жобаларына тоқталды. «2023 жылдың 13-14 шілдесінде ҚСЗИ Президент Қ.Тоқаевтың қолдауымен жаңа бастама платформа – қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия Форумын құруды жоспарлап отыр. Бірінші тақырып «Өзгермелі әлемдегі Азия: Болашақтың күн тәртібі» (Asia in the Changing World: Agenda for the Future) болады», – деді ҚСЗИ басшысы.

Талқылау барысында қатысушылар БҰҰ-ның Тұрақты Даму Мақсаттары (бұдан әрі – ТДМ) мәселелері бойынша сараптамалық өзара ынтымақтастықтың үлкен әлеуетіне сенім білдірді. Тараптар Қазақстанда жүргізіліп жатқан кедейлікті төмендетуге, адами капиталды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға бағытталған демократиялық реформалар ТДМ-мен байланысты екенін атап өтті.

Фриберг-Стори: «Қазақстанда жұмыс істеу мен үшін мәртебе. Президент Тоқаев мырза ТДМ-ға, саясаттағы көпжақты тәсілге берілгендігі туралы үнемі мәлімдейді. Ең жоғары деңгейде осындай тұрақты қолдау біздің жұмысымызды жеңілдетеді».

Сонымен қатар тараптар алдағы сайлау және қазақстандық қоғамды демократияландыру, өңірлік теңсіздік, қауіпсіздік факторы ретінде климаттық өзгерістер, атап айтқанда су ресурстарына қатысты саясат мәселелері бойынша пікір алмасты.

Қорытындылай келе, екі жақ жемісті ынтымақтастық пен тұрақты сараптамалық өзара іс-қимылға үміт білдірді.