Skip to content
Басты бет » Көрнекті ғалым Мұрат Лаумулинді еске алу

Көрнекті ғалым Мұрат Лаумулинді еске алу

2024 жылғы 18 қаңтарда Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) халықаралық қатынастар факультеті бірлесіп «Қазіргі таңдағы халықаралық қатынастардағы Қазақстан және Орталық Азия: геосаясат және қауіпсіздік» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара саяси ғылымдар докторы Мұрат Тұрарұлы Лаумулинді еске алуға арналып, оның туғанына 65 жыл толуына орайластырылған.

Еңбек жолы бойында М. Т. Лаумулин Қазақстан ғылымында үлкен із қалдырып, Қазақстанда аналитиканың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Дипломатиялық салада ел мүддесін лайықты қорғады.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов өз сөзінде: «Мұрат Тұрарұлының еңбек қызметінің негізгі сәттері құрылған күнінен бастап жұмыс істеген ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-мен байланысты болды. Сарапшылар қауымдастығы арасында нағыз «ҚСЗИ бренді» бола отырып, Лаумулин ел және бүкіл Орталық Азия бойынша институтымыздың жетекші талдау орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Мұрат Тұрарұлы қазіргі қазақстандық тарих және саясаттану ғылымының тіректерінің бірі болып танылады. Оның қаламынан шыққан мыңнан астам ғылыми және публицистикалық жұмыстар, Орталық Азия бойынша шетелдік әдебиеттерге шолулар, оның ішінде 43 монография отандық ғылымның алтын қорын құрайды», – деп атап өтті.

ҚазҰУ М. Лаумулиннің алма-матері екенін назарға ала отырып, іс-шара Мұрат Тұрарұлының түлектері оның еңбектерінің арқасында халықаралық мамандар болған университет қабырғасында өтті. Институттың ҚазҰУ-мен өзара әрекеттестігінің маңыздылығын атап өтіп, Е. Тұқымов ЖОО ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады: «Бүгінгі іс-шараны тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің жетекші жоғары оқу орны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп өткізгенімізге қуаныштымын», – деп атап өтті Е. Тұқымов.

Өз кезегінде Әл-Фараби ат. ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің деканы Лейла Деловарова дөңгелек үстелдің қонақтары мен қатысушыларын қарсы ала отырып, іс-шараның маңыздылығын атап өтті: «Бүгін бізде 2023 жылдың шілдесінде қайтыс болған саяси ғылымдар докторы Лаумулин Мұрат Тұрарұлын еске алуға арналған ерекше іс-шара өтуде. Оның есімі тек Қазақстанда ғана емес, көптеген шет елдерде де кеңінен танымал. Бұл күндері университетте мерейтойлық іс-шаралар басталды, мен Мұрат Тұрарұлының университет пен факультет тарихының бір бөлігі екенін және оның үлесін сезінетінімізді мақтан тұтамын. Ол ҚазҰУ-да сабақ берді әрі халықаралық қатынастар факультетінің әріптестерімен бірлесіп халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына белсенді қатысты».

Дөңгелек үстел жұмысына ҚСЗИ және ҚазҰУ басшылығы, белгілі қазақстандық сарапшылар мен ғалымдар – Б. К. Сұлтанов, К. Ш. Хафизова, А. Е. Чеботарев, Р. Р. Бурнашев, В. Ю. Додонов қатысты. ҚазҰУ-дағы достары мен әріптестері – Ф. Т. Көкеева, Қ. И. Байзақова, М. Ш. Губайдуллина, Г. Н. Ким, сондай-ақ М. Т. Лаумулиннің туыстары мен жақындары сөз сөйледі.

Отбасы атынан іс-шараны ұйымдастырушыларға дөңгелек үстел ұйымдастырғаны үшін М. Т. Лаумулиннің ағасы, белгілі ғалым Шоқан Лаумулин алғысын білдіріп, өзінің естелігімен бөлісті: «Менің ағам тарихты, саясаттануды, халықаралық қатынастарды ғана емес, музыка, өнер, математика, физика, химияны да жақсы білетін жан-жақты дамыған адам болды. Оның барлық талғамдары мен құмарлықтары маған да әсер етті. Мұрат Тұрарұлының басты қасиеттерінің бірі оның академиялық шеберлігі болды – ғылыми әдістерді өте дәл, мұқият ұстану».

Дөңгелек үстелге қатысушылар Мұрат Лаумулиннің мұрасын жалғастыру, халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша оның болжамды бағаларын талдау, оның құнды идеялары мен ойлары төңірегінде талқылау, сондай-ақ жыл сайынғы «Лаумулин оқуларын» бастау туралы ұсыныстар айтты.