Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ басшылығы мен Сингапур СІМ өкілдері екіжақты қатынастарды дамыту мәселесін талқылады

ҚСЗИ басшылығы мен Сингапур СІМ өкілдері екіжақты қатынастарды дамыту мәселесін талқылады

Бүгін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қабырғасында ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Көшкімбаев Көшкімбаев пен Сингапур Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Азия-Тынық мұхиты өңірі мәселелері жөніндегі Тұрақты хатшысының орынбасары Энг Тек Хин мырзаның кездесуі өтті.

Кездесу барысында Санат Көшкімбаев биыл Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. «Елдерімізді нағыз стратегиялық әріптестік байланыстырады. Сингапур экономикасының білім беру, қаржы секторы, көлік, логистика және т. б. көптеген секторлары біз үшін қызық», – деді С. Көшкімбаев.

Қос тарап екіжақты қатынастардың күн тәртібіне қатысты пікір алмасып, Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық, технологиялық және мәдени ынтымақтастықты нығайту қажеттігіне тоқталды.

Энг Тек Хин мырза Сингапур Республикасының Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алдағы сапарының дайындығы туралы айтты. «Соңғы жылдары әлем пандемия, халықаралық қатынастардың іргетасын дүр сілкіндірген тұрақсыздықтың жаңа ошақтары сияқты жаңа сын-қатерлерге тап болды. Өзара әрекетесудің жалғыз тиімді тәсілі ынтымақтастық екеніне сенімдіміз. Осыған байланысты Қазақстанмен кооперацияның жаңа жолдары мен салаларына қызығушылығымыз бар», – деді Энг Тек Хин мырза.

Сарапшылар Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі ретінде Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияға баса назар аударды. Санат Көшкімбаев Орталық Азияда ынтымақтастық айтарлықтай жанданғанын айтты. «Осыған байланысты Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығын (АСЕАН) құру және жұмыс істеу тәжірибесі қызығушылық тудырады. Алдыңғы тәжірибені ескере отырып, Орталық Азия елдерінің өңірлік кооперациясын тереңдету қажет деп санаймыз», – деді ҚСЗИ директорының орынбасары.

Сондай-ақ кездесу барысында тараптар болжамдық зерттеулер жүргізу тәжірибесімен алмасып, экономикалық, технологиялық және мәдени әрекеттестік перспективалары туралы пікірлерін ортаға салды. Қазақстандық сарапшылар Сингапурдың цифрландыру және қала шаруашылығын басқару тәжірибесін зерттеуге қызығушылық танытты.

Кездесу соңында қатысушылар екі елдің қарым-қатынасындағы өзекті күн тәртібін анықтауда, Қазақстан мен Сингапур арасындағы саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуда сараптамалық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.