Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да сарапшылар Қазақстан-Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейін талқылады

ҚСЗИ-да сарапшылар Қазақстан-Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейін талқылады

2023 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында ҚХР-дың беделді зерттеу орталықтарының бірі – Қытайдың қазіргі халықаралық қатынастар академиясының сарапшыларымен кездесу өтті.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов қонақтарды қарсы ала отырып, республикамызда жүргізіліп жатқан реформалар туралы кеңінен айтып берді. «Қазіргі таңда еліміз маңызды саяси кезеңді бастан өткеріп жатыр. Күрделі, серпінді экономикалық реформаларға жол ашылып жатыр. Сол себепті Қытай экономикамызды жаңғырту жолында шешуші рөл атқара алады деп ойлаймын. Біз көпжақты, көпсалалы ынтымақтастыққа сенеміз. Мұндай қарым-қатынас көрші елдер арасында болуы керек», – дей отырып, ҚСЗИ басшысы ҚҚХҚА сарапшыларын 2023 жылғы 13-14 шілдеде Астана қаласында ҚСЗИ және ҚР Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастырылуымен өтетін «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Форумына шақырды.

Өз кезегінде ҚҚХҚА Еуразия институтының директоры Дин Сяосин қазақстандық әріптестеріне шақырту үшін алғыс айтып, институттың 30 жылдығымен құттықтады. «ҚСЗИ – Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да беделді зерттеу орталықтарының бірі. ҚСЗИ біздің институт үшін қаншалықты жақын болса, Қазақстан Қытай үшін де соншалықты маңызды стратегиялық серіктес. Біз Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту бойынша реформалар жүргізудегі идеялары мен бастамаларын толықтай қолдаймыз», – деді Дин Сяосин мырза.

Бұдан бөлек кездесу барысында тараптар Қазақстан-Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік жайлы пікір алмасып, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында соңғы 10 жылдағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының өңірлік ахуалы мен жетістіктерін талқылады.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов екіжақты қарым-қатынастардың өсуінің оң динамикасына және Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың келешегіне назар аударды. «Қытай көптеген жылдар бойы Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі болса,  Қазақстан өз кезегінде Қытайдың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі болып келеді.  Бүгінде тату көршілік пен өзара түсіністік рухында екіжақты ынтымақтастықтың жоғары динамикасы туралы сенімді түрде айтуға болады. Біздің ұзақ мерзімді ынтымақтастығымызды дамытуда, әрине, мемлекет басшылары деңгейінде сындарлы ашық диалог маңызды рөл атқарады», – деді Е. Тұқымов.

«Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық, энергетикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың көптеген оң нәтижелеріне қол жеткізілді. Екі ел «Белдеу және жол» құрылысын ілгерілету шеңберінде жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруы тиіс. Соңғы уақытта Орталық Азия елдері арасындағы қатынастар қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Қытай тарапынан біз бұл үрдісті қолдаймыз. Қазақстан Қытайдан Орталық Азияға логистикада маңызды орын алады және трансевразиялық бағыттардағы негізгі буындардың бірі болып табылады. Қазақстан мен Қытай арасында әлі толық ашылмаған ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар деп ойлаймын», – деді Дин Сяосин мырза.

Ал ҚСЗИ басшысы болса, экономика, сауда, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру қажеттігін білдірді. «Қытайда қалыптасқан экономикалық әртараптандыру деңгейі біз үшін де қызық. Қазақстан саяси қайта құруды бастағаны кездейсоқ емес. Өйткені бұл экономикалық жаңғырту мен экономикалық трансформацияға жол ашады. Ауыл шаруашылығында үлкен инвестициялық әлеует байқалады. Сол себепті біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өз рөлімізді нығайтқымыз келеді. Сонымен қатар біздің елімізде табиғи ресурстардың үлкен қоры бар. Бірақ біз экономиканы әртараптандырып, оның шикізаттық бағытынан алшақтатқымыз келеді. Сондықтан қазақстандық шикізатты пайдалана отырып, өнеркәсіптік жобаларға шетелдік капиталдың ағынын қамтамасыз ету мақсатын қойып отырмыз», – деді Е. Тұқымов.

Жалпы, сарапшылар қос ел арасындағы өзара тиімді және нәтижелі ынтымақтастықты, оның ішінде Қазақстанның ҚХР-мен сауда-экономикалық әлеуетін кеңейтуді айтарлықтай күшейте алатын бірқатар негізгі салаларды атап өтті. Сондай-ақ ҚСЗИ мен ҚҚХҚА арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы келісімге келді.