Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) онлайн форматта «Құрылымдық өзгерістер жағдайындағы Қазақстанның өңірлік дамуы: талдау және шешімдер – 2026» атты Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының ашылуы өтті. Бағдарламаға еліміздің әртүрлі өңірлерінен 47 жас зерттеуші мен талдаушы қатысуда.
Бағдарлама қатысушыларына ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов алғысөз сөйледі. Ол бүгінде өңірлік даму мәселелері елдің болашағы үшін айрықша маңызға ие, себебі бұл мәселелер азаматтардың өмір сүру сапасымен, әлеуметтік тұрақтылықпен және мемлекеттік басқарудың тиімділігімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі құрылымдық өзгерістер жас сарапшылардан өңірлік ерекшеліктерді терең түсінуді, деректермен жұмыс істеу дағдыларын және практикалық шешімдер әзірлеу қабілетін талап етеді.
Бағдарламаның алғашқы оқу модулі аясында қатысушылар үшін DESHT зерттеу орталығының директоры Қуаныш Жайықовтың «Құрылымдық өзгерістер жағдайындағы Қазақстанның өңірлік дамуы» тақырыбындағы кіріспе дәрісі ұйымдастырылды. Дәріс барысында өңірлік саясат, аумақтық теңсіздік, экономикалық және демографиялық трансформациялардың өңірлердің дамуына әсері, сондай-ақ өңірлік дамудың мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөлі мәселелері қарастырылды.
Бағдарлама қоғамдық ғылымдар саласындағы жас отандық зерттеушілерді қолдауға және олардың сараптамалық-талдамалық қызметтегі кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған. Төрт апта бойы қатысушылар әдіснамалық тренингтерге, семинарлар мен шеберлік сабақтарына қатысып, кейін тәжірибелі менторлардың жетекшілігімен жеке аналитикалық баяндамалар дайындауға кіріседі.


