Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-дағы шетелдік журналистермен кездесу

ҚСЗИ-дағы шетелдік журналистермен кездесу

2023 жылдың 25 сәуірінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясының баспасөз туры аясында Қазақстанға келген шетелдік БАҚ өкілдерімен брифинг өтті.

Іс-шара барысында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, директордың орынбасары Алуа Жолдыбалина, директордың кеңесшісі Асқар Нұрша, жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы Бекжан Садықов сөз сөйледі.

«Сұрақ-жауап» форматындағы кездесуге Италия, Франция, Литва, Әзербайжан, Түркия, Пәкістан, Иордания және басқа елдердің журналистері қатысты. Қонақтарды Қазақстанның геосаяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы даму тақырыбы қызықтырды. Елдегі реформалар шеңберінде қазіргі даму векторына қатысты сұрақтар қойылды. Сонымен қатар Қазақстанның саяси жүйесінің қайта іске қосылуы ішкі үдерістерге қалай әсер ететіні қарастырылды.

Сербиядан келген журналист Наташа Яковлевичтің Қазақстан таңдаған жаңа даму векторына қатысты сұрағына Еркін Тұқымов жауап берді. Оның айтуынша, экономика мен өндірістің әртүрлі секторларын дамыту үшін саяси жағдайлар жасалған. Сәйкесінше бұл экономиканы әртараптандыруға көмектесуі тиіс. Ел басшылығының өз алдына қойған басты мақсаты да осы. Сондай-ақ Мемлекет басшысының дәйексөздерін келтіре отырып, Тұқымов саяси түрлендірулерсіз нақты экономикалық өзгерістер болмайтынын атап өтті. Еліміздің әлеуметтік және қоғамдық өміріндегі сапалы өсімі де осыған байланысты.

Келесі сұрақ Қазақстанның экономикалық дамуына қатысты болды. ҚСЗИ жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы Бекжан Садықов әріптестерінің назарын 2022 жылы ұлттық экономиканың 3,1 пайызға өсуіне аударды. 2023 жылдың I тоқсанында еліміздің экономикасының өсуі 4,9 пайызға жеткенін атап өтті. Сыртқы сауда қатынастарына келсек, Қазақстан Қытаймен көбірек сауда жасай бастады. Сонымен қатар болжамдар бойынша, алдағы үш жылда ЖІӨ өсімі 3,5-4,5 пайыз деңгейінде болады деп күтіледі. Садықов мұнай өндіру және мұнай экспорттау салаларындағы көрсеткіштер туралы да айтты.

Сұрақтардың жекелеген блогы Орталық Азия, ЕАЭО елдерінің өзара қарым-қатынастарын талқылауға арналды. ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымовтың пікірінше, қазіргі таңда Қазақстанның басым міндеті – өңірдегі бейбітшілікке ықпал ету. Әзербайжан журналисі Фарида Ризаеваның Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара қарым-қатынас туралы сұрағына институт директоры өңір мемлекеттері ортақ оң мақсаттар үшін бірігіп жатқанын айтты. Тұқымовтың пайымдауынша, бұған түркі мемлекеттерінің де қатысы бар. Бұл тенденция тату көршілік қарым-қатынасты сақтауда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

Аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты француз журналисі Франсуа де Монтмориллонның сұрағына ҚСЗИ директорының кеңесшісі Асқар Нұрша жауап беріп, Орталық Азия елдері үшін ең алдымен өңірдегі жағдай маңызды екенін атап өтті: «Өңірлік қауіпсіздікті сақтау маңызды. Шешілмеген көптеген мәселелер бар, олардың арасында Ауғанстан да бар», – деді ол. Әріптестердің ойларын жалғастыра отырып, ҚСЗИ басшысы Тұқымов еліміз үшін ұлттық мүдделер басым екенін айтты.

Айта кетейік, шетелдік журналистер арасында кездесуде Франция («Conflits» журналы), Түркия («Aksam» газеті), Өзбекстан («Uzbekistan 24», «Халк сузи»), Пәкістан («Pakistan in the world»), Қырғызстан («Вести.kg» АА),  Италия («RAI News 24»), Иордания («Ammon News») мемлекеттерінің және т. б. баспа және электрондық БАҚ өкілдері болды.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанның жалпы әлемдік күн тәртібіндегі рөліне қатысты пікір алмасты. Олар түркі өңірінде күштерді шоғырландырудың маңызына тоқталып, сыртқы саясаттың басымдықтары мен қоғамдағы этносаралық қатынастардың ахуалы туралы сөз қозғады.