Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директоры «Ақыл-ой орталықтары» кеңесінің аясында ТМҰ Бас хатшысымен кездесті

ҚСЗИ директоры «Ақыл-ой орталықтары» кеңесінің аясында ТМҰ Бас хатшысымен кездесті

Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) елдерінің талдау орталықтарының кездесуі барысында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов пен ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев келіссөз жүргізді. Тараптар түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері мен алдағы Астана қаласында өтетін Саммитке дайындық барысын талқылады.

Кездесуде көтерілген негізгі аспектілердің бірі – биыл 3 қарашада Астанада өтетін Саммитке ұсынымдар әзірлеу үдерісіне Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және байқаушы мемлекеттердің сыртқы саяси зерттеулерінің ресми орталықтарын белсенді тарту қажеттілігі. Сондай-ақ тараптар Ұйым қызметін тұрақты негізде практикалық ұсыныстармен қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмыс жүргізу туралы уағдаласты.

Түркі елдері арасындағы сауда-саттық деңгейін арттыру, көлік дәліздерін дамыту, аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығын дамыту сияқты мәселелер талқыланды. Тараптар сауда-экономикалық қатынастардың әлеуеті зор екенін атап өтті. Бірлескен зерттеулер мен инновациялық жобаларға қызығушылық танытып, мемлекетаралық сауданы нығайту, кедергілерді азайту және Ұйымның ішкі нарығын ынталандыру бойынша стратегияларды әзірлеу қажеттігіне назар аударды.