Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директоры Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің талдау орталықтары форумына қатысты

ҚСЗИ директоры Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің талдау орталықтары форумына қатысты

2026 жылғы 21-22 мамыр күндері Бішкек қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы қарсаңында талдау орталықтарының форумы өтті. Іс-шараны Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институты ұйымдастырды.

Форум ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы қауіпсіздік, экономика, цифрландыру, көлік-логистикалық өзара байланыс және гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларды талқылауға арналды.

Кіріспе сөзінде ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов қазіргі халықаралық жүйенің өзгеруі және жаһандық белгісіздіктің артуы жағдайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы сараптамалық-талдамалық өзара іс-қимылдың ерекше маңызын атап өтіп, осы бағытта атқарылған жұмысты жоғары бағалады.

«Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы қазірдің өзінде шамамен 70 млрд АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар еліміздің сыртқы саудасының жартысына жуығы дәл осы Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесіне тиесілі», – деп атап өтті Ж. Шаймарданов.

Екінші тақырыптық сессия аясындағы пікірталас барысында ҚСЗИ директоры ШЫҰ кеңістігінде бірыңғай көлік-логистикалық кеңістік қалыптастырудың келешегіне тоқталып, Қазақстанның Еуразия өңіріндегі көлік инфрақұрылымын дамытуға қосып отырған елеулі үлесін атап өтті.

Сондай-ақ ШЫҰ шеңберіндегі инвестициялық-өнеркәсіптік кооперацияның тиімділігін арттыру мақсатында цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, экономикалық интеграцияны ілгерілетуге және Ұйым мемлекеттері арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал ететін деректер мен талдамалық білім алмасу тетіктерін қалыптастыру мүмкіндігі айтылды.

Іс-шараға сондай-ақ ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Темірлан Әбуғали қатысты. Ол ШЫҰ өңірінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына арналған тақырыптық сессияда баяндама жасады.

Сарапшы өз сөзінде қазіргі кезеңде өңір мемлекеттерінің алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді атап өтті. Атап айтқанда, киберқауіптердің күшеюі, трансұлттық қауіп-қатерлердің гибридті сипат алуы жағдайында ақпараттық орнықтылықты нығайту қажеттігі, сондай-ақ су, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік салаларындағы өзекті мәселелерге назар аударды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Еуразия кеңістігіндегі ең ірі өңірлік ұйымдардың бірі. Оның құрамына он мүше мемлекет кіреді: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь.

Биыл ШЫҰ-ның құрылғанына 25 жыл толып отыр. Қазақстан әуел бастан Ұйымның негізін қалаған бес мемлекеттің қатарында болды. Ширек ғасыр ішінде аталған бірлестік кеңейіп, бүгінде он мемлекетті біріктіретін маңызды өңірлік құрылымға айналды.

Дайджест жаңалықтарына жазылу