Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директорының Қытайға жұмыс сапары: Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы басты назарда

ҚСЗИ директорының Қытайға жұмыс сапары: Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы басты назарда

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Сиань қаласында өтетін «Орталық Азия – Қытай» талдау орталықтарының форумына қатысады. Аталған жұмыс сапары аясында ҚСЗИ директоры Шэньси педагогикалық университеті, Солтүстік-Батыс университеті жанындағы Жібек жолын зерттеу институты, сондай-ақ Шэньси педагогикалық университеті жанындағы Орталық Азияны зерттеу институтының басшылығымен бірқатар кездесу өткізді.

Осылайша 19 қыркүйек күні Шэньси педагогикалық университетінің басшылығымен кездесу барысында тараптар бірқатар мәселелерді талқылап, Қазақстан мен ҚХР арасындағы қатынасты дамыту бойынша пікір алмасты. Өз сөзінде институт басшысы ҚСЗИ-дың байланыс желісінде көрші мемлекеттер, оның ішінде Қытай ерекше орын алатынын айтты. «Көршілерімізбен атқаратын үйлесімді әрі нәтижелі жұмыстың арқасында өз дамуымызда жылдам прогреске қол жеткізе аламыз деп сенеміз», – деді ол. Сондай-ақ Еркін Тұқымов Қазақстанның Қытаймен көршілес болуы экономикадағы қатынастарды дамытуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. «Биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда көлемі 16,3 млрд долларды құрады. Өткен кезеңмен салыстырғанда өсім 20,6%-ға жетті», – деді ол.

Қос ел арасындағы қоғамдық қатынастарды сөз ете отырып, ҚСЗИ директоры тікелей рейстердің болуы – мәдени-гуманитарлық салада, оның ішінде білім беру саласында елдер арасындағы қатынасты дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті: «Қос елдің жастарын мәдени көпір байланыстырады. Сол себепті жастарымыз Қытайдағы жетекші университеттерде білім алуға қызығушылық танытады», – деді Е.Тұқымов.

Өз кезегінде Шэньси педагогикалық университетінің вице-президенті Донг Чжибао былай жауап берді: «Біздің университет әлем бойынша 70-тен астам институттармен, атап айтқанда Тараз педагогикалық университеті және Тұран университеті сияқты қазақстандық жоғары оқу орындарымен алмасудың түрлі бағдарламаларын іске асыру бойынша халықаралық ынтымақтастықты орната отырып, өзара әрекеттестікке үлкен мән береді. Біздің қарым-қатынасымыз тереңдей түседі деп үміттенеміз».

Бұдан бөлек Сиань қаласындаҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты, Астана халықаралық университеті, сондай-ақ Шэньси педагогикалық университеті жанындағы Орталық Азияны зерттеу институты сарапшыларының қатысуымен сараптамалық кездесу өтті. Іс-шара халықаралық күн тәртібіне, Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарды дамыту, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы қатынастарды дамытуға қатысты сарапшылардың пікір алмасуына арналды. Тараптар мемлекетаралық қатынастарды зерттеудің сарапшылық көзқарасы мен фокустық тақырыптарымен бөлісті.  Қатысушылар ғылыми байланыстарды дамытудың, қоғамдық ғылыми еңбектермен алмасудың маңызын атап өтті.

20 қыркүйек күні Сианьдағы Солтүстік-Батыс университетінің Жібек жолын зерттеу институтында «Қытай – Орталық Азия» Талдау орталықтары альянсының бірлескен отырысы өтті. Кездесу «Белдеу және жол» бастамасының он жылдығына орайластырылды. Қатысушылар арасында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанның жетекші талдау орталықтарының сарапшылары, сондай-ақ Солтүстік-Батыс университеті мен Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының өкілдері болды.

Сарапшылар Орталық Азия елдері мен Қытайдың мемлекетаралық қатынастарын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін зерттеу бойынша бірлескен жұмыс туралы өз көзқарастарын білдіріп, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті. Олардың айтуынша, инвестициялар ағыны үшін азаматаралық қатынастарды да дамыту қажет. Осы орайда ҚСЗИ директоры ҚР мен ҚХР арасындағы визасыз режимді сөз етті: «Биыл біз қоғамдық өзара әрекеттестікке назар аудара отырып, қарым-қатынасымыздың жаңа бетін ашамыз. Өзара келісіммен екі елдің азаматтарына іскерлік, жеке және туристік сапарларға визалық шектеулерді алып тастаймыз».

Айта кетейік, ҚСЗИ сарапшыларының жұмыс сапары ертең де жалғасады. 21 қыркүйек күні ҚСЗИ директоры «Орталық Азия – Қытай» форумында және «Еуразиялық экономикалық кооперация: жаңа дәуір» субфорумында сөз сөйлейді.