2026 жылдың 12 маусымында Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Шанхай ынтымақтастық ұйымы: 25 жылдағы эволюциясы мен трансформациясы» тақырыбында сараптамалық кездесу өтті. Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Даурен Әбен қатысты. Сонымен қатар кездесуге мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпустың өкілдері, халықаралық қатынастар саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар, сондай-ақ бірқатар жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары қатысты.
Сараптамалық кездесу ШЫҰ қызметінің негізгі қорытындыларын, заманауи сын-қатерлерді және ұйым географиясы мен ынтымақтастық күн тәртібінің кеңеюі жағдайындағы одан әрі даму перспективаларын талқылауға арналды. Гибридті форматта өткен іс-шара аясында ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат, ҚР-ның ШЫҰ қызметі жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев, сондай-ақ Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан сарапшылары сөз сөйледі.
Даурен Әбен өз сөзінде ШЫҰ-ның негізгі жетістіктерін атап өтіп, қатысушы мемлекеттер санының үздіксіз артуы мен мүдделер құрылымының күрделенуі жағдайында ұйымның тиімділігін сақтау жолдарына ерекше назар аударды. ҚСЗИ директоры орынбасарының пікірінше, нақты бастамаларды іске асырудағы қиындықтарды болдырмау үшін ШЫҰ-ның институционалдық бейімделуі оның кеңею қарқынынан жылдамырақ жүруі қажет.
Даурен Әбен сондай-ақ ШЫҰ күн тәртібіндегі ынтымақтастық бағыттарының артуы жағдайында ұйым нақты қосымша құн қалыптастыра алатын, тәжірибеде сұранысқа ие салаларға күш-жігерді шоғырландыру қажеттігін атап өтті. Спикердің айтуынша, ШЫҰ дамуының келесі кезеңіндегі негізгі міндеттердің бірі – қабылданған шешімдердің орындалуын мониторингтеу тетіктерін күшейту, ұлттық ведомстволар арасындағы үйлестіруді арттыру және ұйымның тұрақты жұмыс істейтін құрылымдарының рөлін нығайту болуы мүмкін.
Қазақстан үшін ШЫҰ-ның үшінші елдерге қарсы бағытталмаған әрі блоктық текетірес құралына айналмайтын, бастапқы бейконфронтациялық сипатын сақтауы ерекше маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі ретінде ұйымды ашық, прагматикалық және ынтымақтастыққа бағдарланған алаң ретінде нығайтуды дәйекті түрде қолдап келеді.





