Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ қабырғасында Иран Елшісімен кездесу өтті

ҚСЗИ қабырғасында Иран Елшісімен кездесу өтті

2026 жылғы 15 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директоры Жандос Шаймардановтың Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесуі өтті.

Әңгіме барысында Иран Елшісі Таяу Шығыстағы және Иран төңірегіндегі ахуал туралы айтып, Теһранның сыртқы саясаттағы басты басымдығы әрдайым дипломатия және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу қағидатына берік ұстаным екенін атап өтті.

Әли Акбар Джоукар екі ел арасындағы өңірлік ықпалдастықты түрлі бағыттар бойынша одан әрі кеңейту үшін иран-қазақстан қатынастарының стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, Иран тарапы 2025 жылғы желтоқсанда Иран Президенті Масуд Пезешкианның Астанаға ресми сапары барысында қалыптасқан жоғары сенім деңгейін сақтауға дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар, Иран тарапы Қазақстанмен академиялық алмасуларды және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамытуға мүдделі екені айтылды.

Өз кезегінде Жандос Шаймарданов Иран Қазақстанның Таяу және Орта Шығыс өңіріндегі негізгі әрі дәстүрлі серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Осы ретте Қазақстан Иранмен дипломатиялық диалогты теңгерімді сыртқы саясатының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырады және Таяу Шығыстағы, сондай-ақ Иран төңірегіндегі шиеленістің сақталуына алаңдаушылықпен назар аударып отыр. Кездесу соңында тараптар бүгінгі жүздесу Иран мен Қазақстанның сарапшылық қауымдастықтары арасындағы ұстанымдарды үйлестіруге және өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Дайджест жаңалықтарына жазылу