2026 жылғы 19 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймардановтың Израиль Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Йоав Быстрицкиймен кездесуі өтті.
Әңгіме барысында Елші Израиль Мемлекетінің Президенті Ицхак Герцогтың Қазақстанға жуырда жасаған ресми сапарының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, аталған сапар екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін беріп, түрлі салалардағы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Қазақстан мен Израиль арасындағы ықпалдастықтың жоғары әлеуетіне тоқталған Йоав Быстрицкий екі ел арасындағы жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, инновациялар және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан мен Израильдің сараптамалық-талдау орталықтары арасындағы байланысты нығайту, ғылыми-зерттеу және академиялық ынтымақтастықты дамыту маңызды екені айтылды.
Кездесу барысында Қазақстан азаматтарының Израильге сапарлары үшін визасыз режим енгізу перспективаларына да ерекше назар аударылды. Тараптардың пікірінше, мұндай қадам екі ел арасындағы гуманитарлық, туристік және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ете алады.
Өз кезегінде Жандос Шаймарданов Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан Израильмен конструктивті диалогты дамытуға өзінің көпвекторлы әрі прагматикалық сыртқы саясатының маңызды бағыты ретінде қарайды.
ҚСЗИ директоры сондай-ақ Таяу Шығыстағы шиеленістің сақталып отырғанын ескере отырып, Қазақстан қақтығыстарды саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді, эскалация деңгейін төмендетуді және диалог пен өзара сенім арқылы халықаралық тұрақтылықты нығайтуды дәйекті түрде қолдайтынын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы сараптамалық және зерттеу бағытындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту екіжақты қатынастарды дамытуға, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдауға ықпал ететініне сенім білдірді.





