Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ қабырғасында Түрікменстан Елшісімен кездесу өтті

ҚСЗИ қабырғасында Түрікменстан Елшісімен кездесу өтті

2026 жылғы 31 наурыз күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) ҚСЗИ директоры Жандос Шаймардановтың Қазақстан Республикасындағы Түрікменстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджеповпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегі, сондай-ақ өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Сонымен қатар, өңірлік күн тәртібіндегі Түрікменстанның рөліне ерекше назар аударылды. ҚСЗИ директоры Ашхабадта өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алдағы Консультативтік кездесуінің маңызын атап өтіп, осы форматтың мазмұндылығы мен нәтижелілігін қамтамасыз етудегі түрікмен тарапының рөлін жоғары бағалады. Сондай-ақ Ашхабадта Орталық Азия сарапшылар форумын өткізудің маңызы атап өтілді.

Өз кезегінде Б. Реджепов тату көршілік, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген екі ел арасындағы қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті. Сонымен қатар ол екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен нығайтудың маңызын айтып, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға мүдделілік білдірді.

Кездесу барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан институционалдық және конституциялық реформалар жөнінде де пікір алмасу болды. Аталған реформалардың елді одан әрі дамыту мен жаңғыртуға бағытталғаны атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға өзара мүдделілік білдірді.

Дайджест жаңалықтарына жазылу