2026 жылғы 30 сәуір күні Душанбе қаласында (Тәжікстан) «Орталық Азияның қауіпсіздік архитектурасы: қазіргі сын-қатерлер, қауіптер және стратегиялық мүмкіндіктер» тақырыбында Орталық Азия қауіпсіздік форумы өтті. Форум жұмысына ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев және ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев қатысты.
Іс-шараны Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Форумға Орталық Азия елдерінің стратегиялық зерттеулер институттары мен сарапшылық қауымдастық өкілдері, халықаралық ұйымдар мен қорлардың өкілдері, сондай-ақ Тәжікстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың қызметкерлері шақырылды.
Форум аясында пленарлық отырыс және төрт тақырыптық сессия өтті. Қатысушылар өңірішілік тәуекелдер мен қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлерді, оларды азайту бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін, сондай-ақ қауіпсіздікке әсер ететін сыртқы факторлар мен өңір дамуының ықтимал сценарийлерін талқылады. Шекараны нығайту және экстремизм қатерлерінен бастап, су, климат, сауда, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік-экономикалық және көлік-транзиттік мәселелерге дейінгі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кең ауқымды тақырыптары қозғалды.
Өз сөзінде С. Көшкімбаев өңірішілік мәселелерге тоқталып, бүгінде Орталық Азияның топтасу кеңістігіне айналып келе жатқанын атап өтті. Бұл үдеріс өңір мемлекеттері үшін жаңа стратегиялық мүмкіндіктерге жол ашады. Ал М. Асанбаев жаһандық үрдістер мен трансөңірлік сын-қатерлердің Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне ықпалы сияқты сыртқы факторларға назар аударды.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар Орталық Азия мемлекеттерінің өңірде бейбітшілік, тұрақтылық және орнықты дамуды бірлесе қамтамасыз етуге ұмтылысын тағы бір мәрте растады.


