Skip to content
Басты бет » Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің өкілдерімен кездесу

Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің өкілдерімен кездесу

5 қараша күні ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты сарапшыларының Қытай делегациясымен кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан-Қытай қатынастарын, сондай-ақ сараптамалық ынтымақтастық шеңберіндегі өзара әрекеттестікті талқылады.

Делегация құрамында – Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Насихаттау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ван Ган мырза; ҚКП ОК Насихаттау бөлімінің Реформалар және мәдени жүйені дамыту кеңсесінің бастығы Мэн Сянлинь; ҚКП ОК Насихаттау бөлімінің Адам құқықтары жөніндегі бюросының бастығы Тан Сяньвэнь; ҚКП ОК Насихаттау бөлімінің Халықаралық байланыстар бюросы бастығының орынбасары Ма Цзя; Чжэцзян провинциясының парткомы Насихаттау бөлімі басшысының орынбасары Шэнь Шичэн; ҚР-дағы ҚХР елшілігінің кеңесшісі Люй Е, сондай-ақ Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры Сунь Чжуанчжи; Қытай заманауи халықаралық қатынастар академиясы жанындағы Еуразиялық зерттеулер институтының директоры Дин Сяосин және т.б.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов қонақтарды қарсы ала отырып былай деді: «Біз институтымызда көрші елдерге, соның ішінде Орталық Азия, Ресей, Әзербайжан, Иран және, әрине, Қытайға үлкен көңіл бөлеміз. Қытаймен өзара әрекеттестікте тек экономикалық және технологиялық дамудағы тәжірибеге ғана емес, сонымен бірге мұрағаттарды бірлесіп зерттеуге де қызығушылық танытамыз. Мұның басты себебі – сіздердің иероглифтеріңіз мыңдаған жылдар бойы өзгерген жоқ. Менің ойымша, бұл елдеріміздің көптеген тарихи байланыстарын анықтай түсуге көмектеседі».

Сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасының он жылдығы туралы сөз қозғалды. Осы тақырыпқа байланысты ҚСЗИ директоры ынтымақтастықты инфрақұрылымдық өлшемнен мәдени-гуманитарлық өлшемге трансформациялаудың маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан мен Қытай азаматтарының алдында визалық шектеулерді алып тастау, сондай-ақ келесі жылы Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы халықаралық қоғамдық өзара әрекеттестікті едәуір кеңейтетін болады», – деді ол.

Өз кезегінде Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Насихаттау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ван Ган мырза: «Қазақстан – Қытайдың маңызды көршісі. Жақсы көрші – жақсы аға. Бейбітшілік пен даму – елдеріміздің ортақ ұмтылысы. Қазақстан одан да үлкен дамуға қол жеткізе алады деп ойлаймын. Президентіңіз биыл Қытайға екі рет келді. Ол қытай тілінде жақсы сөйлейді және Қытайда өте танымал».

Сондай-ақ Ван Ган мырза талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті: «Біз стратегиялық зерттеулерге көп көңіл бөліп, мұның қаншалықты маңызды екенін білеміз. Сондықтан сапар барысында сіздің «ақыл-ой орталығыңыз» Қазақстандағы алғашқы кездесу орны болды. Бүгінгі таңда біз үшін бұл – өзара әрекеттесудің мүмкіндігі».

Талқылау барысында қоғамдық өзара іс-қимыл, климаттық өзгерістер, ауыл шаруашылығы мәселелері талқыланды. Тараптар сондай-ақ осы тұрғыда қос елдің өзара әрекеттестігінің логистикалық және туристік әлеуетін дамытуды талқылады. Қазақстандық сарапшылар еліміздің инновациялық және технологиялық даму саласындағы, сондай-ақ талдамалық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимылы маңызды екенін атап өтті. Бұл екі ел арасындағы бірлескен зерттеулер мен білім алмасуды кеңейту қажеттілігін көрсетеді.

Кездесудің барлық аспектілері Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың терең және көп қырлы сипатын, сондай-ақ екі тараптың ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен дамуға ұмтылысын айғақтайды.