
Айгүл Забирова,
әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
бас ғылыми қызметкері
Мансаптағы гендерлік теңсіздіктің себептерін, әдетте, ұйымдардан іздейді. Қоғамдық пікір сауалнамасының деректері кімнің жұмысы басымдыққа ие болатыны туралы қағида ең алдымен үйде қалыптасатынын көрсетеді. Әрі бұл қағида «отбасында ер адам басшы» деген сөзбен емес, «менің жұмысым бар» деген бейтарап тіркеспен білдіріледі.
Оған бірнеше жылдан бері күткен жоғары лауазымға көтерілу мүмкіндігі ұсынылды. Алайда оның жаңа жылдың басына дейін басқа қалаға көшуі қажет еді. Кешке ол бұл жаңалықты үйінде айтты. Күйеуі оны тыңдап, ол үшін қатты қуанатынын жеткізді де, артынша: «Менің жұмысым бар», – деп қосты. Әңгіме, негізінен, осымен аяқталды. Ешкім ештеңе шешкен жоқ. Отбасында кімнің жұмысы басымдыққа ие болатыны іс жүзінде ешқашан арнайы талқыланып, шешілмейді. Бұл шешімнен гөрі қалыптасқан қағидаға көбірек ұқсайды. Ол қолданыста болған кезде, адамдар оны жай ғана байқамайды. Сондықтан бұл туралы сұрау да қиын: адам өз жауабында нені таңдағанын емес, олардың отбасында қалыптасқан тәртіптің қандай екенін сипаттайды.
Ерлер мен әйелдер бұл қағиданы қалай қабылдайды? Ресурстары шектеулі адамдардың басым бөлігі, ерлер де, әйелдер де, жұмыс пен отбасы мүдделері қайшылыққа түскен жағдайда, әдетте, ер адамның мансабы басымдыққа ие болатынын айтады. Ал білім деңгейі, жақсы жұмыс пен жеке табыс болған кезде жағдай өзгереді. Ерлер өз мансабының басымдығын бұрынғыдай атап көрсетсе, әйелдер мұнымен келісетінін анағұрлым аз білдіре бастаған. Сауалнамалардың[1] бірінде некеде тұрған немесе жұп болып бірге тұратын адамдарға мынадай сұрақ қойылды: «Егер жұмыс пен отбасы мүдделері қайшылыққа түссе (мысалы, жұмыстан тыс қосымша жұмыс істеу, іссапарға бару, басқа қалаға көшу немесе қызметте жоғарылау қажеттілігіне байланысты), сіздің отбасыңызда әдетте кімнің жұмысына немесе мансабына басымдық беріледі?».
Ресурстары шектеулі респонденттердің жауаптары ерлер мен әйелдер арасында іс жүзінде бірдей болды. Ер адамның мансабын ерлердің 60,5%-ы, ал әйелдердің 58,7%-ы басым деп атаған. Яғни, айырмашылық екі пайызға да жетпейді.
Ресурсы мол адамдарға жоғары білімі бар, отбасының бір мүшесіне шаққанда айлық табысы 201 мың теңгеден басталатын және басшы, кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде еңбек ететін респонденттер жатады. Осы үш көрсеткіштің кемінде екеуіне сәйкес келетіндер ресурсы мол топқа кіреді. Сауалнамаға қатысқан ересектердің шамамен әрбір төртіншісі осы топтың өкілі. Білім деңгейі, жақсы жұмыс пен жеке табыс болған кезде жағдай өзгереді. Ресурсы мол ерлер мен әйелдердің ұстанымдары арасындағы айырмашылық айқын байқалады. Ер адамның мансабына басымдық берілетінін ерлердің 64,6%-ы, ал әйелдердің 51,1%-ы айтқан. Айырмашылық едәуір ұлғайып, екі пайыздан 13,5 пайызға дейін өскен. Ресурсы мол ерлер өз мансабын әлі де басым деп санайды, ал әйелдер мұнымен айтарлықтай көп келіспейді. Жоғары білімі бар әйелдер ер адамның мансабын басым деп сирек атайды, ал табыс деңгейі мұндай айырмашылыққа дерлік әсер етпейді.
Әлеуметтануда адамның пікірі мен іс-әрекеті бір-біріне сәйкес келмеуі мүмкін екені жақсы белгілі. Сол сауалнамада біз әйелдерден «Соңғы бес жыл ішінде отбасылық немесе үй шаруасына байланысты қызметте жоғарылаудан, жаңа жұмысқа орналасудан, оқудан, іссапардан немесе басқа қалаға көшуден бас тарту жағдайлары болды ма?» деп сұрағанда, шамамен әрбір бесінші әйел «иә» деп жауап берген. Бұл ретте ресурсы мол және ресурсы шектеулі әйелдердің жауаптары арасында айырмашылық анықталған жоқ. Басқаша айтқанда, ресурсы мол әйелдер ер адамның мансабын басым деп сирек атағанымен, отбасы үшін өздерінің мансаптық мүмкіндіктерінен ресурсы шектеулі әйелдермен бірдей жиілікпен бас тартқан.
Демек, ресурсы мол әйелдер өз отбасындағы жағдайды өзгеше сипаттайды, бірақ соған қарамастан, басқалар сияқты жиі шегініс жасауға мәжбүр болады. Сөз жүзіндегі келіспеушілік неліктен қалыптасқан тәртіпті өзгертпейді? Мұның себебі бұрынғыдай емес, басқа нәрсемен күресуге тура келетінінде болса керек. Иерархияның тілі өзгерді. Бұрын ол «отбасында ер адам басшы» деп айтатын, ал мұндай пікірмен келіспеуге болатын. Бүгінде мұны айтатындар аз, ал әйелінің мансабына қатысты осылай дейтіндер тіпті жоқтың қасы. Енді иерархия кәсіби қызмет тілімен сөйлейді: «Менің ота жасауым керек». «Менің қарамағымда адамдар бар». «Мен бармасам, мәміле бұзылады». «Менің жұмысым бар».
Бұл тіркестердің әрқайсысы шындыққа сай болуы әбден мүмкін. Олардың күші де дәл осында. Кәсіби қызметтің тілі бейтарап әрі сенімді естіледі, оның нақты бір иесі жоқ. Бұл тіл ұйымнан шыққан. Ал ұйымға үйінде біреу өз мүддесін кейінге ысыратын қызметкер қажет. Кімнің жұмысы басымдыққа ие болатынын ұйымның өзі белгілемейді. Ұйым бұл қағиданы отбасынан дайын күйінде қабылдап, оны кәсібилік деп атайды.
Сол кешті еске түсірейік. Күйеуі оның қызметте жоғарылауына да, мансабына да қарсы болған жоқ. Оның бар болғаны – жұмысы бар еді. Қазіргі теңсіздіктің ерекшелігі де осында. Ешкім теңдікке қарсы шықпайды, ешкім бұрынғы тәртіпті қайтаруды талап етпейді. Сондықтан әйелдің кіммен пікірталасатыны да белгісіз. Оның қарсылығы басқа адамның пікірімен емес, басқа адамның жұмыс кестесімен бетпе-бет келеді.
Бұған көптеген әйелдердің отбасын өздері таңдайтынын және мұны мүлде шегініс деп санамайтынын алға тартып, қарсы уәж айтуға болады. Оның үстіне, бізде көбіне аз табыс табатын адам өз мүддесін кейінге ысырады. Бұл жынысқа қатысты мәселе емес, отбасылық қарапайым есеп қана. Ақырында, деректердің өзіне де күмән келтіруге болады. Сауалнамада ерлі-зайыптылардан жұп ретінде емес, ерлер мен әйелдерден жеке-жеке жауап алынған. Сондықтан олар әр түрлі отбасыларды сипаттауы әбден мүмкін. Олай болса, үй ішіндегі көзқарастар қайшылығы мүлде болмауы да ықтимал.
Соңғы уәж – ең маңыздысы, әрі ол орынды. Сауалнамаға қатысқан ерлі-зайыптылардың жұптары анықталмаған, сондықтан айырмашылықтың бір бөлігі ресурсы мол ерлер мен ресурсы мол әйелдердің әр түрлі отбасыларда тұруынан туындауы мүмкін. Демек, ресурстар иерархияға күмән келтіруге мүмкіндік береді, әзірге бұл тек сөз жүзінде болса да. Мұндай адамдардың саны артып келеді. Бүгінде елімізде әйелдердің 53%-ы, ал ерлердің 44%-ы жоғары білімге ие. Демек, осындай үнсіз қайшылық туындауы мүмкін отбасылардың саны да көбейіп келеді.
Қазір әйелдердің мансабы туралы көп айтылады, ал кедергілерді әдетте ұйымдардан іздейді. Алайда ұйым қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын қағида одан бұрын, басқа қалаға көшу мәселесі кешкі ас үстінде талқыланған кезде қалыптасады. Бұл құбылыс тек бізге ғана тән емес. Әйелдер ерлерден кем емес білім алатын барлық жерде қалыптасқан қағидаға қарағанда, оны сипаттайтын тіл жылдамырақ өзгереді.
[1] Қоғамдық пікір сауалнамасы ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілді. Іріктемелік жиынтықтың көлемі 8 000 респондентті құрады. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан – Астанадан, Алматыдан және Шымкенттен 18 жастан асқан респонденттер қатысты.


