2026 жылдың 2 шілдесі күні ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-ға Норвегия Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Эйвинд Вад Петерссон бастаған Норвегия Корольдігінің делегациясы келді. Делегация құрамында сондай-ақ Норвегия Корольдігінің Орталық Азия елдеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Хелене Санд Андресен болды.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Норвегия ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, әлемдік саясаттың трансформациясы, Орталық Азияның сыртқы серіктестермен өзара іс-қимылының дамуы және өңірлік қауіпсіздіктің заманауи сын-қатерлері сөз болды.
ҚСЗИ директорының орынбасары Даурен Әбен Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатты іске асырудағы ұстанымдарын таныстырып, барлық серіктестермен сындарлы өзара іс-қимылға ашықтық елдің сыртқы саяси бағытының негізгі қағидаттарының бірі болып қала беретінін алға тартты. Сонымен қатар, ол Қазақстанның Еуропалық Одақпен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болғанын еске салып, Транскаспий халықаралық көлік бағытының Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі ретіндегі стратегиялық маңызын атап өтті.
Талқылау барысында ҚСЗИ сарапшылары «С5+» форматының Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы серіктестермен өзара іс-қимылындағы тиімді тетік ретіндегі рөлінің артып келе жатқанына тоқталды. Олардың пікірінше, мұндай алаңдар өңірлік кооперацияны нығайтуға, аймақ елдерінің ортақ мүдделерін ілгерілетуге және халықаралық ынтымақтастықтың неғұрлым тұрақты негізін қалыптастыруға ықпал етеді.
Орталық Азия мен Солтүстік Еуропадағы су саясаты және су ресурстарын тұрақты басқару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар су пайдалану саласындағы ұлттық тәсілдер бойынша пікір алмасты, климаттың өзгеруінің су қауіпсіздігіне әсерін талқылады, сондай-ақ осы саладағы сараптамалық ынтымақтастық пен үздік тәжірибе алмасу перспективаларын қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібі мәселелері бойынша сараптамалық диалогты одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Норвегия арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екендіктерін танытты.






