Skip to content
Басты бет » Нұр-Сұлтан қаласында Орталық Азия елдері өзара әрекеттестігінің тиімді тараптары талқыланды

Нұр-Сұлтан қаласында Орталық Азия елдері өзара әрекеттестігінің тиімді тараптары талқыланды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен  «Жаңа геосаяси жағдайдағы Орталық Азия ынтымақтастығы: сын-қатерлері мен келешегі» атты халықаралық конференция өтуде. Іс-шара Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда.

Конференцияның күн тәртібі елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелеріне, оның ішінде сауда және көлік коммуникацияларын дамытудағы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тиімді байланыс нүктелерін анықтауға, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлерді шешуге ортақ көзқарасты әзірлеуге арналған.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Е.Тұқымов Орталық Азия елдері арасындағы нақты мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

«Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елдеріміздің арасында ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге және әріптестіктің жаңа жолдарын іздестіруге негізделген сенім мен өзара сыйластық атмосферасы қалыптасты.

Орталық Азия елдері үшін геосаяси және геоэкономикалық сын-қатерлер аса өзекті болып отыр. Халықаралық лаңкестіктің қауіптері мен сын-қатерлері, көші-қон және азық-түлік қауіпсіздігінің мәселелері кейінге қалдыруға болмайтын маңызға ие».

Қырғыз Республикасының Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Р.Асизбаев өз сөзінде Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығының шұғыл қауіптерді жоюдағы маңыздылығын атап өтті:

«Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің ортақ күн тәртібінде өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бірінші кезектегі мәселеге айналып отыр. Сондай-ақ Орталық Азияның барлық елдері үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері өте өзекті. Оны біз тек бірлескен күш-жігермен ғана шеше аламыз. Транзиттік бағыттарды әртараптандыру мәселесі де өте өткір. Орталық Азия елдеріне қарсы қайталама санкцияларды енгізу ықтималдығы экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін және бұл ерекше қауіп болып табылады».

Орталық Азия халықаралық институтының директоры А.Насиров өзара іс-қимыл аясын кеңейтудің өзектілігін атап өтті:

«Ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын, әсіресе экономиканы жеделдетілген цифрландыру және жасыл өсімнің басымдығын ескере отырып ілгерілету өте маңызды. Көлік-коммуникацияның өзара байланысын дамытуға да көңіл бөлу қажет.

Біз барлығымыз мұхиттарға тікелей шығу жолының болмауына байланысты қиындықтарды бастан кешіреміз. Сондықтан кедергілерді алып тастау және өзара жеңілдіктер мен преференциялар беру өте маңызды».

Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты директорының орынбасары Б.Усманов экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге тоқталды:

«Экономикаларымыздың бәсекелестік артықшылықтарын, олардың бірін-бірі толықтыруын пайдалана отырып, сонымен қатар экономикалық өсімнің драйвері болып табылатын өнеркәсіптік кооперация жобаларын кешенді дамыту қажет.

Осы мақсатта біз халықаралық және өңірлік сауда, логистикалық және индустриялық жобаларды дамыту тәжірибесін жалғастыруды ұсынамыз».