
Айгүл Забирова,
әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері
Әр таң сайын шағын пайдалы тамақтану клубының сөресінде протеинді піспенан (печенье) салынған қорап тұрады. Оны клуб иесінің он жеті жасар ұлы пісіреді. Қалағандар таңғы коктейліне қосып піспенан алады. Оның сатып алушылары анасының клиенттерімен бірдей. Анасы маған мұны мақтанышпен айтып берген. Ұлы өнімді өзі ойлап тапқан, өзі пісіреді, өзі сатады. Бірақ артынша: «Ол зумер ғой», – деп қосты.
Соңғы бір-екі жыл ішінде осы сөзді шамамен сол жастағы ата-аналардан жиі еститін болдым. Баласы жаңа нәрсені тез меңгереді, ізденеді, бірдеңе ойлап тауып, ұйымдастыра алады, тіпті жұмыс істеп жүр. Соны көріп олардың ылғи айтатыны: «Ол зумер ғой». Балалардың жақсы қасиеттерін енді олардың қай буынға жататынымен түсіндіретін болдық. Отбасымен де, тәрбиемен де, ата-ананың өз ықпалымен де емес. Ата-аналар өз баласының қандай болып өскенін түсіндіруге келгенде өздерін ескермейтін сияқты.
Алайда деректер басқа жайтты көрсетеді. Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалардың бірінде адамдардан соңғы бір жылда қандай да бір курста оқыған-оқымағаны сұралды. Жоғары білімі жоқ, бірақ анасының жоғары білімі бар 18–29 жастағы жастардың 34,7%-ы «иә» деп жауап берген. Ал өзінің дипломы бар, бірақ анасының жоғары білімі жоқ құрдастары арасында бұл көрсеткіш 27,3% болды. Анасының білімі адамның оқуға дағдылануымен өзінің дипломына қарағанда күштірек байланысты екені байқалады.
Дипломыңды балаға мирас қыла алмайсың. Білімге де ескіру қашан да тән. Қазіргі заманды айтпай-ақ қояйық. Бала университетті бітіргенше, бірінші курста үйренген нәрселердің бір бөлігі өзгеріп үлгереді. Бірақ басқа нәрсе мирас бола алады, ол – мәселе мәніне үңілу, іздену және жаңадан қорықпау әдеті. Ешкім талап етпесе де, баға қоймаса да, өз бетінше отырып оқу. Әзірге бұл – болжам. Деректердің бір ғана кесіндісі нақты не болып жатқанын кесіп айтуға мүмкіндік бермейді. Дегенмен байланыс тұрақты: жасын, отбасының тұрмыс деңгейін, қалада не ауылда тұратынын және әкесінің білімін ескергенде де сақталады[1]. Айтпақшы, әкенің білімі мен оқуға дағдылану арасында статистикалық байланыс байқалмайды.
Неліктен ана? Кәмелетке толмаған балалары бар 35–40 жастағы ата-ана ішінде аналардың 35%-ы, әкелердің 22%-ы жоғары білім алған. Демек, Қазақстанда балалы отбасының ең білімді ересек мүшесі көбіне әйел болады. Бір ұрпақ бұрын жағдай басқаша еді. Қазіргі алпыс жастағылардың аналарының тек 8,5%-ында жоғары білім болған. Ал қазіргі студенттердің аналары арасында бұл көрсеткіш 39%-ға жетеді. Яғни елімізде бұрынғыға қарағанда білімді әйелдердің тәрбиесін әлдеқайда жиі көріп өсетін ұрпақ қалыптасып келеді.
Бала білімді анадан нақты не алады? Қазақтың «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалы бұл сұраққа баяғыда-ақ жауап берген. Біз оны балалар ата-анасынан белгілі бір істі үйренеді деп түсінеміз. Бірақ астарындағы ой бұдан да терең болуы мүмкін. Бала ересек адамның не істейтінін ғана емес, қалай әрекет ететінін де бойына сіңіреді.
Біреулер қазіргі жасөспірімді ата-анасынан гөрі смартфон көбірек тәрбиелейді деп қарсы уәж айтар. Расында, бала бір кеш ішінде қосымшаны меңгеріп, нұсқаулық тауып, видео көріп, ата-анасы айлап үйренген нәрсені игере алады. Тағы біреу білімді отбасылардың тұрмысы жақсырақ, сондықтан балаларының курстарына ақша төлеу оларға оңайырақ дер. Немесе әлеуметтанушы әйелге деректерден ананың ерекше рөлін көру ұнайды деп айтуы мүмкін. Смартфон жасөспірімдердің бәрінде дерлік бар. Бірақ оқуға дағдыланғандар әлдеқайда аз. Егер мәселе тек смартфонда болса, мұндай айырмашылықты көрмес едік. Ақшаға қатысты уәж салмақтырақ, сондықтан талдауда отбасының тұрмыс деңгейі бөлек ескерілді. Соған қарамастан байланыс сақталды. Курстар диплом орнын баспайды. Дипломы бар жастар онсыз жастарға қарағанда курстарда тіпті жиірек оқиды. Ал екі топтың да ішінде білімді аналардың балалары мен өзге жастар арасындағы айырмашылық шамалас – он пайыздық тармақтай. Соңғы уәж де орынды. Сондықтан бұл мәтінде «дәлелденді» деген сөз жоқ.
Ендеше ананың өзі неге «ол зумер ғой» деп жатады? Бәлкім, бұл өте ыңғайлы түсіндірме болғасын шығар. «Зумер» сөзі жас адамның іс-әрекетін сыртқы ықпалмен – заманмен, технологиямен, буын ерекшелігімен – түсіндіруге мүмкіндік береді. Өз балаң туралы сөйдеу оңайырақ. Оның күнделікті өмірге қатысты тағы бір себебі бар. Бізде өз балаңды жұрттың алдында дауыстап мақтау аса құптала бермейді: көз тимесін. Бөтен адам қасында ұлымыздың өте қабілетті екенін айтуға ыңғайсызданамыз. Ал «ол зумер ғой» дегенді кімге де болса айта беруге болады. Осыдан қызық жайт шығады. Қазақстандағы аналар бүгінде бұрынғы кез келген кезеңмен салыстырғанда білімдірек. Бәлкім, олар балаларына білімді ғана емес, оқуға деген дағдыны да беріп жүрген шығар. Бірақ оның нәтижесін баланың қолындағы технологиямен түсіндіреді.
Он жеті жасар бала өнімді өзі ойлап тауып, өзі пісіріп, анасының клиенттеріне өзі сатып жүр. Бәлкім, ол шынымен де кәдімгі зумер шығар. Бірақ басқа сұрақ қызықтырады: бір нәрсені өз бетінше ойлап тауып, мәніне үңіліп, іске асыру дағдысы оған қайдан келді?
[1] ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2024 жылғы 10 қазан мен 12 қараша аралығында жүргізілген сауалнамаға 8 000 респондент қатысты. Оған еліміздің 17 өңірінен және республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан тұрғындар қатысқан.


