Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Жасұлан Нұрбаев бірқатар авторлармен бірлесіп «Қазақстандағы гендерлік теңдік пен әйелдердің саяси өмірге қатысуын арттыру құралы ретінде саяси партияларға тиесілілікті зерттеу» атты мақаланы Public Administration and Policy: An Asia-Pacific Journal халықаралық ғылыми журналында жариялады.
Мақала авторлары 2023 жылғы парламенттік кампания негізінде Қазақстандағы заң шығарушы органдарға әйелдердің қатысуын кеңейтуге ықпал ететін негізгі механизмдерді анықтауды мақсат етті.
Зерттеуде биографиялық әдіс қолданылып, әйелдердің елдің саяси өміріне тартылу арналары қарастырылды. Эмпирикалық зерттеу аясында партиялық тізім бойынша сайланған 18 әйел-депутат пен кандидаттың өмірбаяны талданып, саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларына контент-талдау жүргізілді.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, саяси партия – гендерлік теңдікті ілгерілетудің және әйелдерді шешім қабылдау процесіне тартудың негізгі құралы. Мәжіліске өткен 18 әйелдің барлығы саяси партиялардың мүшелері болған, ал партияға кірмеген кандидаттар Парламентке өте алмады.
2023 жылғы сайлау науқаны партиялық тиесіліктің әйелдерді заң шығарушы органға алға жылжытудағы тиімді арна екенін көрсетті. Керісінше, бір мандатты округтерде бірде-бір әйел сайланған жоқ.
Зерттеу Қазақстандағы саясаттағы гендерлік теңдік туралы білімді кеңейтеді және үкімет пен саяси партиялар үшін маңызды практикалық мәнге ие.
Мақаланың толық мәтінімен осы сілтеме бойынша танысуға болады.