Skip to content
Басты бет » Зерделі ұлт – ұлттық қауіпсіздіктің факторы

Зерделі ұлт – ұлттық қауіпсіздіктің факторы

Мырзабек Тұйғанов,
Өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың
Қостанай облысындағы өкілі

Президент қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық – цифрлық дәуір жағдайында оқу мәдениеті зияткерлік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторына айналып отырған кезеңде қабылданған мәні зор құжат.

Адамзат бұрын-соңды мұндай көлемдегі ақпаратқа ие болған емес, сонымен қатар адам ешқашан дәл бүгінгідей қуатты ақпараттық қысымға ұшыраған жоқ. Ақпарат көлемі ұлғайып, таралу жылдамдығы артып келеді, ал оны терең пайымдау қабілеті баяулай бастады. Ақпарат көлемі мен оны түсіну тереңдігі арасындағы қауіпті алшақтық қалыптасуда. Сондықтан кітап оқу бүгінде тек мәдени құндылық қана емес, стратегиялық маңызы бар құбылысқа айналып отыр.

2025 жылы қазақстандықтардың 51,2%-ы бір жыл ішінде бірде-бір кітап оқымаған. 29%-ы бірден үш кітапқа дейін оқыса, респонденттердің небәрі 19,2%-ы ғана жылына төрт және одан да көп кітапты тұрақты түрде оқиды. 2010 жылы бұл көрсеткіш 16,4% болатын. Соңғы 15 жылда ақпарат көлемінің бірнеше есе артқанын ескерсек, оқырмандар санының өсімі айтарлықтай өзгермеген. Сонымен қатар ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, Қазақстан жастар мен ересектердің сауаттылық деңгейі бойынша әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірін сақтап отыр – 99,8%.

Бір қарағанда, бұл тек білім беру саласына қатысты мәселе болып көрінуі мүмкін. Алайда оның салдары әлдеқайда терең. Заманауи зерттеулер оқу мәдениетінің жай ғана мәдени әдет емес, қоғамның зияткерлік әлеуетін сақтаудың маңызды тетігіне айналып отырғанын көрсетеді. Сондықтан оқу мәселесі біртіндеп гуманитарлық саланың шеңберінен шығып, ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен тікелей байланыса бастады.

Бұрын ақпарат ағындары орталықтандырылған түрде таралса, бүгінде жалған ақпарат цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы лезде таралады. Мұндай жағдайда ықпал етудің негізгі нысаны білім деңгейінің өзі емес, адамның ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау қабілеті болып отыр. Дағдарыс жағдайында, оның ішінде жасанды түрде қалыптастырылған жағдайда да, цифрлық дүрбелең бірнеше сағаттың ішінде нақты әлеуметтік салдарға – шамадан тыс сұранысқа, жаппай алаңдаушылыққа, қақтығыстарға және тұрақсыздыққа ұласуы мүмкін.

Осындай жағдайда мемлекеттің тұрақтылығы тек техникалық қауіпсіздік жүйелеріне немесе ресми коммуникацияларға ғана тәуелді болмайды. Ол азаматтардың ақпаратты сыни тұрғыдан оқи алуына, фактілерді салыстырып, өз бетінше талдай білуіне тікелей байланысты. Яғни оқу мәдениеті қоғамдық тұрақтылық жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады.

Бұл мәселе Қазақстан өңірлері үшін, соның ішінде Қостанай облысы үшін де ерекше өзекті.

Қостанай облысының кітапхана желісі маңызды мәдени-ағартушылық институт ретінде өз рөлін сақтап отыр. Облыс халқының саны шамамен 820,6 мың адам болса, өңірде 338 кітапхана жұмыс істейді. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін кітап оқуға кеңінен қолжетімділік қамтамасыз етеді. Бүгінде кітапхана тек кітап беретін орын болудан қалып, білім алудың, қарым-қатынас жасаудың, ақпараттық кедейліктің алдын алудың және оқу мәдениетін дамытудың орталығына айналуда. Мәселен, Қостанай ауданындағы 35 кітапханада 2026 жылдың алғашқы айларында 15 044 оқырман тіркеліп, 168 717 кітап беріліп, 108 361 келуші қабылданған.

Сонымен бірге цифрлық инфрақұрылымның дамуы біркелкі емес. Облыстағы 338 кітапхананың тек 161-і ғана интернетке қосылған, яғни олардың жартысынан азы. Бұл қалалық және ауылдық мекемелер арасындағы алшақтықты күшейтіп, білімге қолжетімділіктегі теңсіздікті сақтап отыр.

Тағы бір жүйелік тәуекел – кітапханалардың келушілерді тартуға ұмтылған жаппай іс-шараларға басымдық беруі. Мұндай жағдайда терең әрі мазмұнды оқудың орнын түрлі мәдени-көпшілік шаралар басуы мүмкін. Соның салдарынан кітапхана зияткерлік орталықтан гөрі бос уақытты өткізетін мекемеге айналу қаупімен бетпе-бет келеді. Негізгі мәселелердің бірі – кітапхана қорларын жаңартуға мүмкіндік бермейтін созылмалы қаржыландыру тапшылығы. Бұл әсіресе жасөспірімдерге арналған заманауи әдебиеттер сегментінде айқын байқалады. Дәл осы жаста оқу тұрақты дағдыға айналуы тиіс болса да, оқырмандар өздеріне қызықты әрі өзекті басылымдардың тапшылығына тап болады. Нәтижесінде жасөспірімдер ақпарат сапасы ешкім тарапынан бақыланбайтын реттелмеген онлайн кеңістікке көбірек бет бұрады.

Осылайша, қаржыландыру, цифрландыру мәселелерін жүйелі түрде шешпей және кітапханалардың ойын-сауық пен ағартушылық функциялары арасындағы тепе-теңдікті қайта қарамайынша, кітапханалар өз желісін сақтап қалғанымен, өзінің басты миссиясынан – терең білім мен мәдениеттің дәнекері болу міндетінен айырылып қалуы мүмкін.