Skip to content
Басты бет » ЖИ және құқық қорғау жүйесін трансформациялау: ҚСЗИ-дың жаңа басылымы жарық көрді

ЖИ және құқық қорғау жүйесін трансформациялау: ҚСЗИ-дың жаңа басылымы жарық көрді

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «Жасанды интеллект және құқық қорғау жүйесінің цифрлық трансформациясы: Қазақстан Бас прокуратурасының тәжірибесі» атты аналитикалық шолуды жариялады. Басылым орыс (сілтеме) және ағылшын (сілтеме) тілдерінде әзірленген. Авторлары – ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әйгерім Абдрашитова және жетекші сарапшы Нұрдәулет Затилла.

Еңбек Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізу тәжірибесін талдауға арналған. Әсіресе Бас прокуратураның жұмысына ерекше назар аударылған: қылмыстылықты болжау, азаматтардың өтініштерін мониторингтеу және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы тәсілдер қарастырылады.

Авторлар халықаралық тәжірибеге де жүгінеді: ЭЫДҰ, Еуропалық Одақ және АҚШ елдеріндегі құқық қорғау жүйелерін цифрландыру бойынша салыстырмалы талдау ұсынылған. Бұл қазақстандық тәсілдерді жаһандық үрдістермен салыстыруға мүмкіндік береді.

Жеке бөлім даму перспективаларына арналған: жүйе жасанды интеллектіні тереңірек енгізуге қаншалықты дайын, бұл қандай тәуекелдер туғызады және тиімділік пен азаматтардың құқықтарын сақтау қажеттілігі арасындағы шекара қай жерде өтеді деген мәселелер қарастырылады.

Басылымның рецензенттері – ҚСЗИ директорының ішкі саясат жөніндегі орынбасары Алуа Жолдыбалина және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік басқару, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы қолданбалы зерттеулер институтының директоры Гүлсара Жүнісбекова.

Басылым мемлекеттік органдар өкілдеріне, сарапшылық және академиялық қауымдастыққа, сондай-ақ цифрлық трансформация мен құқық қорғау саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне қызығушылық танытатын барша оқырманға арналған.

Дайджест жаңалықтарына жазылу