Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Орталық Азия елдері мен Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің талдау орталықтарының онлайн-форумына қатысты.
Іс-шара Парсы шығанағындағы араб елдері, Орталық Азия, сондай-ақ Әзербайжанның жетекші талдау орталықтарының өкілдерін біріктірді. Форум жұмысына халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері де қатысты. Іс-шараның құрметті қонағы Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Джасем Мохаммед Әл-Будайви болды.
Талқылау барысында қатысушылар Ирандағы қақтығыс пен Ормуз бұғазының блокадасы аясындағы өңірдегі қазіргі жағдайды, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен ПШАМЫК арасындағы өзара іс-қимыл сценарийлерін, қазіргі жаһандық экономиканың сын-қатерлеріне жауап беретін жаңа тұрақты кросс-өңірлік ынтымақтастық және даму архитектурасын қалыптастыру перспективаларын талқылады.
Өз сөзінде Жандос Шаймарданов Орталық Азия елдері мен Парсы шығанағы мемлекеттері арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетудің айтарлықтай әлеуетін атап өтті. Негізгі ынтымақтастық бағыттары ретінде көлік-логистика дәліздерін дамыту, агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік өндірісі, сыни материалдар саласы, сондай-ақ «жасыл» энергетика көрсетілді.
ҚСЗИ директорының айтуынша, Қазақстан елеулі бәсекелік артықшылықтарға ие және Парсы шығанағы елдерінің бизнес-қоғамдастықтарымен инвестициялар тарту мен әріптестіктің жаңа нысандарын қалыптастыру үшін кең мүмкіндіктер ұсынады.
Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі – құрамына Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Кувейт, Оман және Бахрейн кіретін өңірлік ұйым. Ұйымның мақсаты – экономика, қаржы, сауда және қауіпсіздік салаларындағы интеграция мен үйлестіру.



