2023 жылдың 4 мамырында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында 2023 жылға арналған «Қазақстан: дамудың сын-қатерлері мен шешу жолдары» жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының қатысушылары конкурстық комиссия алдында топтық талдамалық баяндамаларын таныстырды.
Өткен ай ішінде жас сарапшылар білім беру модулі аясындағы дәрістерге қатысып, менторлардың жетекшілігімен топтарға бөлініп, келесі тақырыптарға зерттеулер жүргізді:
- «2023 жылғы әлемдік экономиканың сын-қатерлері: Қазақстанға әсері».
- «Қазақстанның азиялық бағыттағы халықаралық ұйымдардағы басымдықтары».
- «Қазақстандағы әкімшілік-аумақтық реформа».
- «Өңірлік мәслихаттардың жаңа шақырылымының сапалық құрамын талдау».
- «Жастардың азаматтық белсенділігінің ерекшеліктері».
Таныстырылым соңында әр топ зерттеу жұмысына қатысты фидбэк алды. Конкурстық комиссия ұжымдық баяндамалардың мықты жақтарына тоқталды. Сондай-ақ осы жұмыстарды аналитикалық жазбалар, ғылыми мақалалар және конференцияларда тезис ретінде қолданып, одан әрі ілгерілету мүмкіндіктеріне назар аударды.
Еске сала кетейік, бағдарламаның мақсаты – отандық жас сарапшыларды сараптамалық және ғылыми-зерттеу саласында бәсекеге қабілеттілігін дамыта отырып, қоғамдық ғылымдар саласында зерттеулер жүргізуге қолдау көрсету.
Бағдарламаның келесі кезеңі – жеке талдамалық баяндамаларды дайындау. Білім беру модулі аясындағы тренингтер мен семинарлар барысында қалыптасқан зерттеу дағдылары жас сарапшыларға жеке баяндама жазу кезінде өз септігін тигізеді.